Жарияланды: 320

Қостанай облысында адамдарға бруцеллез жұға бастады

Арзан етті олжалау үшін ауруды ойдан шығарды. Қостанай облысындағы Ильич ауылының тұрғындары мал дәрігерлерін осылай деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, мамандар ірі қарада бруцеллез белгілері табылды деп сиырларды сойғызған. Ал ол шұжық цехына өткізілген соң тұрғындарға тиісті өтемақы төленбепті. Кейін анықталғанындай, сойылған сиырлар қауіпті болмай шыққан. Енді келіп, аталған дерттің адамдарға жұққаны айтылуда. 

Ильич ауылы тұрғындарының тиісті өтемақыға қол жеткізе алмай жүргеніне бір жылдан асқан. Былтыр ветеринарлар әр ауладағы ірі қараны тексеріп, басым бөлігінде бруцеллез ауруы бар деген шешімге келіпті. Бұл жағдайда мал сойылады, ал ірі қараның әр келісі үшін жұртқа 490 теңге және мемлекеттен дотация ретінде 245 теңгеден берілуі тиіс болған. Бірақ шаруалар ақшаны сол күйі көрмеген, тіпті сондай ауру болғанына да күмәндана бастапты.

- Конечно, обманывают. Взяли землю на анализы  нет бруцеллы.  Взяли воду на анализы  нет бруцеллы. Так где она, получается? У нас в сарае? Или от нас она заражается?

Жанна Назарова бір жылдың ішінде бір бума құжат жинап, заңды майшаммен қарап шыққан. Былтыр оның қорасындағы 4 сиыры мәжбүрлі түрде сойылыпты, ал дотация көлемі 80 мың теңгені құраған.

Жанна Назарова, Ильич ауылының тұрғыны:

- Әкімнің орынбасары тиын-тебендеріңе бола не үшін мазамды аласыңдар дейді. Оған бұл сома тиын ғана шығар, бірақ біз үшін қомақты қаржы. Оған қайткенде де қол жеткізуіміз тиіс.

Сондықтан жұрт биыл келген жергілікті ветеринарларды табалдырығынан аттатпай отыр. Олардың айтуынша, мал дәрігерлері ауруды ойдан шығарып, сиыр етін арзанға алуды мақсат етуі мүмкін. Ал былтыр сойылған ірі қара еті шұжық цехтарына емес, базарларда ашық түрде сатылғаны мәлім болған. Себебі, бруцеллез болғанымен, қауіпті түрі емес екен. Бірақ тұрғындарға бұл жайында хабар берілмеген.

Елизавета Вотчель, Ильич ауылының тұрғыны:

- Сиырлардың шын мәнісінде ауру екендігін дәлелдесін. Өз өміріміз үшін қорқатын болдық, себебі, бруцеллез болса бізге жұғуы мүмкін. Ал егер болмаса жан бағып отырған малды босқа сойып тастайды.

Ал ветеринарлар өздеріне шаң жуытпай отыр. Айтуларынша, олар бар болғаны өз міндетін атқаруда.

Тимур Арғынбаев, Қарасу аудандық ветеринарлық станциясы директорының міндетін атқарушы:

- Бізге айырды ала жүгіріп, мылтықпен қорқытады. Осы жайында неге сөз қозғамайсыздар?! Мал дәрігерлерінің жұмысы оңай емес. Сөйтіп жүріп, біздің үстімізден шағымданады.

Қазір мұнда 7 адамның бруцеллез ауруын жұқтырғаны анықталған. Ауыл тұрғындары бар кінәні дәрігерлерге, ал олар қораға кіргізбеген жұртқа артуда. Бұл мәселе осылайша шешімін таппайтын сыңайлы. Ал дауға түрткі болған дотация ешкімге бұйырмайды. Себебі, сатылған сиыр еті қауіпті болмай шыққан. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін