Жарияланды: 490

Қостанайда газ құбырының жаңа бөлігі пайдалануға беріледі

1-қазанға дейін Қостанайда газ құбырының 3 шақырымдық жаңа бөлігі пайдалануға беріледі. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Қостанайгаз" ҚКК-ның директоры Әубәкір Тайкешев хабарлады.

Оның айтуынша, газ құбырының жаңа бөлігін пайдалануға беру нәтижесінде көгілдір отынды тұтынушылар саны екі есе артқалы отыр. Сондай-ақ, пайдалануға берілетін жаңа учаске қаланы газбен қамтамасыз ету жүйесін жаңалауға бағытталған стратегиялық шешім болып табылады. Егер бұрын Қостанайда газ таратудың тұйықталған жүйесі жұмыс істеу салдарынан магистралдық желідегі қандайбір апат барлық тұтынушыларды газдан ажыратуға мәжбүр етсе, ендігі жерде қала автономиялық төрт жүйеге бөлінгендіктен ақауды локализациялауға жағдай жасалып отыр. "Кез-келген құбыр бөлігінде апат болған жағдайда тұтынушылардың төрттен бір бөлігі ғана бұдан былай газдан ажыратылады",- дейді коммуналдық кәсіпорынның басшысы. Газ құбырының жаңа бөлігін тартуға 2 жыл мерзім мен кәсіпорын қаржысынан 48 млн. теңге қажет болды. Ә.Тайкешевтің айтуынша, бұл шығындар "Қостанайгаз" ҚКК-ның қызмет төлемін қымбаттауға себепкер болмайды. "Газ құбырындағы жөндеу және құбыр тарту жұмыстарына арналған шығын кәсіпорынды дамытуға бағышталған шығындар жөніндегі бапта қарастырылды. Сол себепті әзірге баға көтерілмейді",- деді ол. Облыстағы газ құбырының жалпы ұзындығы 1567 шақырымды құрайды. Ә.Тайкешевтің бағалауынша, жүйенің жалпы ахуалы жаман емес. "Облыстағы газ құбырының қорғаныс дәрежесі 98 процентті құрайды. Бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш",- деп атап көрсетті Ә.Тайкешев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін