Күләш Кендірбаева мына екі бөлмелі пәтерге газ құбырын жүргізу үшін көлігін сатқан. Және бір емес, екі несие алыпты. Бірақ жергілікті басшылар уәде еткен жылу әлі жоқ. Ал жаңа босанған қызы үй суық болған соң нәрестесімен жалдамалы пәтерге кетіпті.
Қазір мұндағы тұрғындардың бәрі дерлік аяқ астындағы төсеніштерді жиыстырып қойған. Өйткені пәтер ішінде аяқ киіммен жүрмесең, әп-сәтте ауру табасың. Тіпті тоңазытқыштарды да пайдаланудың қажеті жоқ. Себебі суық үйде азық-түлік бұзылмайды.
Күләш Кендірбаева, Қостанай-2 елді мекенінің тұрғыны:
-Міне, осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Қайыршы сияқтымыз, басқаша не деу керектігін білмеймін. Өзіңді қор сезінеді екенсің.
Қостанай-2 елді мекені тұрғындарының әкім-қараларға деген өкпелері қара қазандай. Қара халық солардың әдемі сөздеріне сеніп, үйлеріндегі пештерін бұзып тастапты.
Наталья Герус, Қостанай-2 елді мекенінің тұрғыны:
-Көгілдір отынды берем дегендеріне бір жарым ай болды, әлі жоқ. Қатып өлмес үшін әркім өзінше тірлік етіп жатыр. Біреуі тоқпен жылытады, басқалары камин жағып отыр. Бірақ олардың жылуы аз.
Тұрғындар тиісті орындарға телефон шалып, хат та жазған. Бірақ мамандар бір-біріне сілтеп, басымыз қатты дейді олар. Айтуларынша, жергілікті әкімдік газ тартқан мекемелерге қызметі үшін ақыны толықтай төлемепті. Енді қостанайлықтар жағдайды шешу үшін облыс әкіміне хат жазып, қол жинауға кірісті.
Елді мекен халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 28 миллион теңге бөлінген екен. Шу шыққан соң телефон арқылы тілдескен әкімдіктегілер бұл мәселенің әрі кеткенде екі апта ішінде шешілетінін айтты.