Жарияланды: 1200

ҚР Конституциялық кеңесі "БАҚ туралы" жаңа заңның жекелеген нормалары ҚР Ата заңына қайшы деп танылу себептерін атады

Бүгін, 22-сәуірде Астанада өткен қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Юрий Хитрин кеңес тарапынан "БАҚ туралы" жаңа заңның жекелеген нормалары ҚР Ата заңына қайшы деп танылу себептерін атады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

Ю.Хитриннің айтуынша, ҚР Конституциялық кеңесі БАҚ туралы заңның алғысөзіндегі ережелер еліміздің Ата заңына сәйкеспейді деп тапты. Оған сәйкес заң бойынша тыйым салынбаған кез-келген тәсілмен ақпарат алу және оны тарату құқығына тек Қазақстан азаматтары ие деп көрсетілген. Ал Ата заңға сәйкес бұл құқық баршаға ортақ болуы тиіс,- деді Ю.Хитрин. Сондай-ақ, БАҚ туралы заңның 29-бабы 1,4 және 5-тармақтары да Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Бұл тармақтарда БАҚ-тарда жарияланған жалған ақпаратты жоққа шығару тек Қазақстан азаматтарының құқығы деп көрсетілу арқылы басқарлардың осындай құқығы аяқасты етілген. Сондай-ақ, тек заңмен ғана емес, сондай-ақ, заңдық күші төмен нормативтік актілердің көмегімен де сөз бостандығын тежеу, ақпаратты еркін алу және тарату құқықтарын шектеуге мүмкіндік беру Конституцияға сай келмейтін норма деп танылды. "Конституцияға сәйкес адамдар мен азаматтар құқығын тек заң ғана шектей алады",- деді Ю.Хитрин. Кеңес сондай-ақ, құзырлы органға бұқаралық ақпарат құралының тіркеуге алынғандығы туралы куәлікті өз бетімен кері қайтарып алуға мүмкіндік беретін норманы да Ата заңға қайшы деп тапты. "Мұндай шараны тек сот қана қолдана алады",- деді Конституциялық кеңес төрағасы. KZ-today тілшісінің сауалына жауап берген Ю.Хитрин : "өзіме және Конституциялық кеңестің басқа мүшелеріне ешқандай қысым көрсетілген жоқ, БАҚ туралы заңға қатысты президенттен , немесе басқа қандай да тұлға тарапынан бірде-бір телефон қоңырауы келіп түскен жоқ",- деп жауап берді. Оның айтуынша, БАҚ туралы заң мен Конституциялық кеңестің оған қатысты қорытындысы мемлекет басшысына жолданды. Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, бүгін, 22-сәуірде Еуразиялық МедиаФорумда сөз сөйлеген мемлекет басшысы Конституциялық кеңестің БАҚ туралы заңға қатысты шешіміне вето қоймайтынын мәлімдеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін