Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Қытай Халық Республикасындағы беймәлім өкпе қабынуы індетін жұқтыруға байланысты эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына сәйкес Қазақстан үкіметі 2003-жылдың 1-шілдесінен бастап осы елмен ортадағы мемлекеттік шекараны ашу туралы шешім қабылдаған. Сонымен бірге 1-шілдеден бастап екі ел арасындағы әуе, темір жол және автокөлік қатынасы қалпына келтіріледі. Қаақстандықтар сондай-ақ Қытай мен осы бағыттағы басқа да елдерге туристік сапарларын қайтадан жандандыра алады.
ҚР үкімет басшысының бұйрығымен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, ҚР көлік және коммуникация министрлігі мен ҚР туризм және спорт жөніндегі Агенттіктеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, беймәлім өкпе қабынуы індетінің вирусы таралу қаупіне байланысты 7-мамырдан бастап Қытай мен Қазақстан арасындағы тұрақты көлік қатынасы тоқтатылған болатын. Мұндай шараларды ҚР үкімет басшысының тапсырмасымен ҚР көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асырған болатын.
Осыған байланысты 7-мамырдан бастап Алматы-Үрімжі бағытында қатынайтын №13 және №14 халықаралық жолаушы тасымалдайтын поездардың қозғалысы тоқтатылды. Сонымен бірге, 8-мамырдан бастап Қытайдан қайтуға ниет білдірген еліміз азаматтарын жеткізетіндерінен басқа ұшақтар да ұшырылған жоқ.