Жарияланды: 500

ҚР үкіметі 2004-жылғы республикалық бюджет жобасын парламентке ұсынды

ҚР үкіметі парламент мәжілісіне 2004-2006-жылдардағы республикалық бюджеттің болжамдық көрсеткіштері келтірілген қаулы мен "2004-жылғы республикалық бюджет туралы" заң жобасынан тұратын бюджеттік құжаттардың топтамасын парламенттің қарауына ұсынды,- делінген мәжілістің баспасөз қызметінен таратылған хабарламада.

Сондай-ақ, үкімет Қазақстанның 2004-2006-жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі Индикативтік жоспары бар қаулыны мәжіліс талқысына жолдады. Осы құжаттарға қатысты үкіметтің түсініктемесінде атап көрсетілгеніндей, республикалық бюджет жобасын қалыптастыруға үкімет тарапынан бекітілген 2004-2006-жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі Индикативтік жоспар мен 2004-жылғы ішкі және сыртқы саясаттың басым бағыттары туралы Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауы негіз етіп алынды. Бюджет заңының жобасын парламентке таныстыру міндеті ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовке тапсырылды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылғы республикалық бюджеттің түсімі 862,2 млрд. теңгені, бюджет шығыны 954,8 млрд. теңгені, республикалық бюджеттің дефициті 92,7 млрд. теңгені , немесе Ішкі Жалпы Өнімнің 1,9 процентін құрайды деп жоспарланды. 2004-жылы Ішкі Жалпы Өнім 4,877 трлн. теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл 2003-жылғы жоспардан 500 млрд. теңгеге немесе 7 процент артық. 2004-жылғы тұтыным құнының индексі 5,4 процент деңгейінде, ал теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 153,3 теңгені құрамақ .

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть