Жарияланды: 1500

ҚР үкіметі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатып алудың жеңілдетілген бағасын жер учаскесінің кадастрлық құнының 25 проценті мөлшерінде белгіледі

ҚР үкіметі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатып алудың жеңілдетілген бағасын жер учаскесінің кадастрлық құнының 25 проценті мөлшерінде белгілеу жөнінде қаулы шығарды.

ҚР жер ресурстары жөніндегі Агенттігінің ақпаратына сәйкес, жеңілдетілген баға мөлшері Жер Кодексінің негізінде белгіленді. Кодекс бойынша, азаматтар мен заңды тұлғаларға жер учаскесі жеке меншікке тек төлемді негізде ғана берілуі тиіс. Алайда, ауыл тұрғындарының кіріс деңгейі ауылшаруашылығы өндірісіне қажетті жерді толық құнына сатып алуға мүмкіндік бермейді, ал бұл өз кезегінде Қазақстандағы жерді жеке меншікке беру институтын қалыптастыру мерзімін кейін шегеруге мәжбүр ететіні белгілі. Осыған байланысты үкімет сатылатын жер учаскелеріне жеңілдетілген баға белгіледі. Жер учаскелерінің толық кадастрлық құны ҚР үкіметінің 2003-жылғы 2-қыркүйектегі қаулысымен бекітілген. Қаулыға сәйкес жер құны топырақтың түріне, жердің бедеріне, суландыру жүйелерінің бар-жоқтығына қарай белгіленген. Мәселен, Алматы облысындағы ең құнды жерлер ретінде тау бөктерлеріндегі ашық талшын түстес жерлер танылды. Мұндағы суармалы жерлердің бір гектарына 126,9 мың теңге, суармалы емес жерлерге 25,6 мың теңге, жайылымдарға 8,1 мың теңге баға белгіленді. Ақмола облысында оңтүстіктегі қара топырақты аймақтар ең бағалы деп танылды. Мұндағы суармалы жерлердің бір гектары 63,1 мың теңгеге, суармалы емес жерлер 34,4 мың теңгеге, жайылымдар 8,1 мың теңгеге бағаланды. Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өсіретін аумақтағы 1 гектар боз топырақты жерлер 204,4 мың теңгеге, тау бөктерлеоіндешгі ашық талшын түсті жерлер, басқа да дәнді дақылдарға арналған суармалы алқаптар 130,5 мың теңгеге, суармалы емес жер учаскелері 24,2 мың теңгеге, жайылымдар 6,9 мың теңгеге бағаланды. Ашық қоңыр түсті топырағы бар суармалы жерлерге 51,6 мың теңге баға белгіленді. Жер Кодексі бойынша, жерді жеңілдетілген бағаға сатып алған жағдайда аталмыш жер учаскесін билеу құқығына 10 жыл мерзімге мораторий жарияланады. Атап айтсақ, мұндай жердің қожайынына оны сатуға немесе жалға беруге құқық берілмейді. Ал жер учаскесі толық құнына сатып алынған жағдайда учаске қожайыны оны еркін билеу құқығына ие болады. Аталған екі жағдайда да жердің бағасын бөліп өтеуге мүмкіндік бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть