-Мынау ұят емес пе? Баланың ісі, бақсының ойыншығы қылып кетті! Не үшін ашты мына мектепті, кім үшін ашты мына мектепті әуелде? Осы балдарды оқытам деп ашты ғой. Оқыта ма, аяқтасын, оқытсын!
Мектеп маңына жиналған ата-аналар осылай деп айғайға басты. Айтуларынша, мамырдың соңында мектеп басшылығы «балалардың құжаттарын алып кетіңіздер» депті. Себебі, ашылғанына 5 жыл болған білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр екен. Және одан кейін де балалардың мұнда қайтып келуі екіталай. Өйткені бұл жерде енді қазақ-түрік лицейі ашылуы мүмкін.
Әлия Орынбасарова, ата-ана:
—Мына әкімдер не қарап отыр?Бүкіл халқын шулатып қойып отырған әкім әкім бе? Мынау деген сұмдық емес пе? 400-дің үстінде бала оқиды, ал қаңғытып қоя береміз дейді, ол дейтін қалай ол, қай мектепке барады?
Қазынаның 705 миллион теңгесіне салынып, бірер жыл бұрын ғана ашылған мектепке күрделі жөндеу не керек дейді ата-аналар. Олар осында оқитын 425 бала жан-жаққа тарап кете ме деп алаңдаулы.
Сейілхан Әліпов, ата-ана:
— Осы мектеп жабылмасын, ауылдағы баратын жерлердің бәріне бардық, енді олардың жауабы әуелде солай шығып қойғын, сендер газет оқымайсыңдар, сауатсызсыңдар дейді!
Сондай-ақ, осы жерде жұмыс істейтін 60-қа жуық ұстаздың жаңа оқу жылынан бастап қайда баратыны белгісіз. Жергілікті әкімдік «ешкім де жұмыссыз қалмайды» деп уәде етіпті. Бірақ бұған ұстаздардың сенгісі жоқ.
Балжан Оңайәлиева, ұстаз:
— Сенімдімін деп айта алмаймын, тауып береміз, бәріңді де орналастырамыз деп жатыр, ол құр сөз екенін, шын сөз екенін білмейміз әлі.
Ашуға булыққан ата-аналарға дұрысын айтатын не әкімдіктен, не аудандық білім бөлімінен ешкім де табылмады. ҰБТ деп естері шығып жүрген жауапты мамандар тілшілерге бір ауыз тіл қатуды жөн көрмеді.
-Құлсарылық 400-ден астам ата-ана мектеп қанша қашық болса да, жол-көлік шығынын өзіміз көтеріп алуға дайынбыз деп отыр. Тек мектеп жабылмаса болғаны. Ал егер жергілікті билік қарашаның айғайын құлаққа ілмей, өз дегенін жасар болса, білім ошағын жаптырмас үшін ата-анлар қолдан келер әрекеттің бәрін жасауға дайынбыз деп отыр.