Құлжадағы үйрену орталығының оқытушысынан келген хат - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Құлжадағы үйрену орталығының оқытушысынан келген хат

Құлжадағы үйрену орталығының оқытушысынан келген хат

Құлжадағы үйрену орталығының оқытушысынан келген хат.

  • 9 Шiлде 2018
  • 1901
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Abai.kz хабарлайды. 

Сәлеметсіздер ме, Қазақстан халқы!

Менің атым Гүлжан (аты өзгертілді), мен Құлжа қаласында тұрамын, жасым 51-де. Мен сіздерге осы жақта болып жатқан жағдайлар туралы хат жазғым келіп тұр, бұл хат сіздерге бара ма, жоқ па, оны бір Құдай біледі, бірақ не болса да бағымды сынап көрмекпін. Ұсталсам үйренуге кетемін, ұсталмасам үйренуде оқытушы болып жүре беремін. Амандық тілеймін бәріңізге:

1. Бұнда бүкіл нәрсені бақылауға алған, әсіресе қазақ бастықтар мен үкімет кадрларының телефондары қатаң бақылауда, әрқандай сөйлеген сөздер тексеріледі.

2. Қазір "Туыстандыру саясаты" алғашқыдай болмай, азайып, саябырлап қалды. Бұрын бір айда 15 күн қарсы жақтың үйінде кадрлар жататын, қазір бір айда 2-3 күн ғана, тіпті кейбірі үйлеріне де бармайтын болды, тек телефонмен жағдай білісіп тұрады. Өйткені, қарапайым тұрғындар да, арнайы сол үйге бөлінген кадрлар ла саяси нұсқаудан мезі болып кетті. "Қазақтар үйлерімізге қонбаңдар" дейді деп шағым жасаушылар көп. Үйге келгендерге есіктің алдында кішкене ағаш орындық қойып, сағаты толғанда шығарып жібергендер де бар. Арыз-шағымдар көбеюі себепті және кадрлардың өздері де олардың үйлеріне кіруді қаламайтыны себепті, бұл үрдіс азайған. Бұрын әйел кадр еркегі бар үйге, ер кадр бойдақ әйелі бар үйге әдейілеп қондырылатын, тіпті ауыл шетіндегі таудың басындағы үйге дейін барып жатқандар болды. Кейбір кадрлар қынжылғандарынан тамақ та ішпей, уақыты толғанда үйден шығып кететін болған. Сол кадрлардың өздері қазір Шинжияңның бас хатшысы Чын Чуаньгоны боқтап отырады. Соңынан жай кадрлар ғана емес, ҰҚК адамдары өтірік кадр болып келеді екен дегенді де естідік, бірақ шын-өтірігін білмедік.

3. Біз шекара аймаққа жақын қала болсақ та, қазақ пен ұйғырды шекараға жақындатпайды, олардың шекараны бойлап жүріп, ары асып қашып кетуінен алаңдайды.

4. Қазақстанға шыға алатын бір жол бар, ол "Қазақстанда қарызым бар десең, барып қарызыңды алып кел" деп виза ашуға рұқсат береді, әрине олар Қазақстан жақтағы қарыз болған адамнан телефон қоңырау шалғызып анық-қанығын сұрайды. Әрі сауда орны, мекеме, компанияда қарыз болса, онда қол қойылған қағаз болса, тіпті жақсы. Тек үкімет шындығына көз жеткізген жағдайда Қазақстанға виза ашқызып, Қазақстанға келуге болады. Әрі қайтып келетін уақыт береді, әрі Қытайда кепілге үй немесе жұмыс орны, тіпті адамды да қояды.

5. Дін жағынан бас орауға, жаулық тағуға болмайды, "бисмилла" деп айтуға да болмайды. Бірақ адам өлсе жаназасын шығартады, тек бір мешіт қалдырған, алдыңғы апта бір кісі қайтыс болды, үкімет адамдары бақылауда ұстап, бізге жаназа шығарып, құран оқытуға рұқсат берді, әрі бұның ешқандай заң бұзушылық емес екенін, тек уахабизімнің салтымен жерлеуге болмайтынын, соны қадағалайтынын айтты. Жерлеу барысын өздері бақылайды. Қазірше жерге көмгізеді.

6. Қазақстанға барып келген адамды қатаң тергеп сұрайды, кіммен кезіккенін, тіпті қандай шай ішкенін де сұрайды, қайта-қайта кезекпен сұрайды, егер алдыңғы жауаппен соңғы жауап ұқсамай қалса қамап тастайды.

7. Үйренуде жас қыздарға сабақ үйретуге жауапты болдым. Оларға кесте тігуді үйретеді және саяси сабақтар өтеді. Коммунистік партияның құрылтайдағы көтерген мәселелері мен Ши Жинпиңнің сөздерін жаттау міндеттелген. Ал ұлдарға Саяси сабақтан басқа, ағашылық үйретеді және де басқа қолөнер кәсіптер бар. Балалар өте жуас, тәртіпті. Бірақ күнде аз дегенде бір-екі адамды ауруханаға алып кетіп жатады, неше түрлі ауру тарап жатыр. Емханаға апарып миын, денсаулығын тексертіп, емдеп сосын қайта әкеп тастайды. Біздің Саяси үйрену орталығымызда ондайлар көп болды. Былайша айтқанда Түрмеден жеңіл, жатақты мектептен ауыр деп түсіндірсем де болады.

8. Үйренуде болғандар отбасыларымен кезіктіреді, бірақ шектеулі уақыттары бар. Сосын Үйренудегі киім-кешек, тұрмыстық қаражат және Үйрену орталығының шығындарын сол үйренудегілердің отбасы көтереді. Былайша айтқанда, Үйрену орталығының экономикалық ауыртпашылығын үйренуге түскендердің отбасы бірге көтереді. Бейне бала оқуға түскенде мектепке оқытудың ақшасын төлеп тұрғаны сияқты. Үкімет осылайша көп экономикалық ауыртпашылықтан осылай құтылып отыр. Сондықтан бір үйде үйренуге адам алып кетсе, сөзсіз бір эконмикалық қабілеті бар бір адамды сол үйде қалдырады, өйткені олардың бәрін ұстап кетсе, Үйрену орталығында «кіріс» тоқтап қалады. Бұның ішінде жемқорлық жоқ деп айта алмаймыз. Қайта ашық, анық жемқорлық осында. Тіпті тамақтарды өз үйлерінен алдыратындары да бар.

9. Халықтың бәрінде қорқыныш бар, олар сөйлеуден де қорқады, бір-бірінен де алаңдайды. Егін егілмей, мал бағылмай қалды. Бұның тағы бір себебі бар, өйткені үкімет ақылы саяси үйрену дегенді шығарды, бұнда алдындағы саяси үйренуге ұқсамайтын жері, бұл жеңіл түрі, бір апта, не екі апта қатысады, әрі саяси үйренуге қатысқан сайын ақша беріп отырады. Соны естіген егінші, малшы халық шаруаларын тастап ақылы саяси үйренуге кіріп кеткен. Ал бұнда емтиханнан өтпесе, онда ақылы саяси үйренуден қатаң саяси үйренуге ауыстырып жіберуі де мүмкін. Кейбір егінші, малшы халық ақшаға дәмеленіп алған соң, екі аптадан кейін қайтадан тізімделеді, екі аптасы біткенде және де тізімделеді, сөйтіп ақша табамын деп жүргенде егіндері де егілмей қалады.


10. Солтүстік Шинжияңнан 800 мың ұйғырды өздерінің тіркеуіндегі Оңтүстік Шинжияңға жіберді. Қазір Солтүстік Шинжияң өңірінде ұйғырлар аз.

11. Қазір тексеру өте қатаң, ішкеріде жеке куәлікті барғанда бір тексерді, қайтқанда бір тексереді, ал мұнда күнде жеке куәлік тексеріс. Бір тексергенде бір ауылды бірақ тексереді, сол ауыл сол сәтте жым-жырыт болып кетеді, еш хабар ала алмай қаласың, әрі сол ауылды қайта-қайта үш рет тексереді. Дінге сәл жақын болып қалғандарды ертесі көрмейсің. Қайда деп сұраудан қорқасың, осы өмірде ол адам келіп көрмеген сияқты жүре бересің. Сырттай бәрі жақсы сияқты болып жүресің, бірақ ішің астан-кестен болып жүреді. Сақшы балаларда күндіз-түні ұйқы жоқ, денсаулықтары да кеткен, қажыған, тамақтарын да дұрыс іше алмайды. Қазірше айлықтарын қайта уағында беріп тұр.

12. Қазір ту шығару азайды, бұрынғыдай емес, қалаларда, аудандарда болады, бірақ ауылдарда көп болды шығармағандарына. Үрімжі, Санжы сияқты қалалар бостау, біз бұнда мерекелік құтықтау жіберуден қорқамыз, ұстап кете ме деп, ал Үрімжі, Санжыда тіпті бір-бірінің үйіне кәдімгідей қыдырып барып-келіп айтшылап жүреді екен.

13. Жұмыстан шығуға, өз үйлерін сатуға болмайды. Әсіресе үкімет адамдары жұмыстан шықса, онда партиядан да шыққан есебінде болады екен де оларға қыспақ күшейеді. Мен танитын бір Қазақ кісі жұмыс ауыр болуы себепті, қоярда қоймай үкімет жұмысынан шығып алыпты, енді оны ұстап үйренуге жіберейін десе, өте білімді жігіт дейді, заңды өте жақсы біледі екен, қандай-қандай заңсыздықтарын бетіне айтып бере алады екен, өздерінің ауыздарын заңның тармақтарымен жауып тастайды екен, ал енді ұсатмайын десе, басқаларға жаман үлгі болайын деп тұр. Ол кісіге де қазір қыспақ күшейе бастаған, Қазақстанға кетіп қалайын десе паспорты жоқ.

14. Саяси үйренуден шыққандар ауылдан ауылға шыға алады, бірақ үкімет қызметіне алынбайды, өмір бойы барлық игіліктен жай халықтан бір саты тіпті көп саты төмен жүреді.

15. Шетелге барып қайтып келетіндерге Файсбукті, Ютубты қарамауды қатаң ескертеді.

16. 6 Маусым күні бір топ ішкеріден оқудан тарап келген ұйғыр студенттерді ұстады, олардың қалталарында бір сайман бар деді, бірақ не екенін ашып айтқан жоқ. Ираннан алдыртыпты, қазір қатаң тексерілуде дейді. Бірақ шын өтірігін білмейміз.

Соңғы жаңалықтар