Құрбымның жеңіл жүріске түсуіне өзімді кінәлі санаймын - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Құрбымның жеңіл жүріске түсуіне өзімді кінәлі санаймын

Құрбымның жеңіл жүріске түсуіне өзімді кінәлі санаймын

Таяуда көптен көріспеген құрбым хабарласып, кездесіп, әңгіме-дүкен құрайық деп қолқа салды.

  • 5 Мамыр 2019
  • 100
Фото - Caravan.kz

Алғашында кішкене тартыншақтағам. Өйткені ол дәулетті отбасына келін болып түскен. Шыны керек, сол себепті араласа алмай қалғанбыз. Олардың ортасы басқа. Алғашқы және соңғы рет үйіне барғанымызда енесі де, күйеуі де бізді ұната қоймаған болатын. Кейіннен тіпті оның бізбен араласуына тыйым салған. Жігіт кезінде күйеуінің бойынан ондай мінезді байқамаған екенбіз. Құрбым қиылып болмаған соң, кездесуге келістім, деп жазды alashainasy.kz

Диана өте көрікті қыз. Сондықтан жігіт біткеннің бәрі соңынан жүгіретін. Өзіне сенімді жігіттердің Дианаға сөз салмағаны жоқ шығар. Ал Диана солардың арасынан Тимурды таңдады. Тимур қаланың жігіті. Аса көрікті болмағанмен, өте жақсы киінетін. Дәулетті отбасынан шыққан жігіт екенін бәріміз білетінбіз. Университетке қымбат машина мініп келетін. Сондықтан оған ау құрғын қыздар да аз болған жоқ. Солардың ішінен Тимур Диананы таңдаған еді. Тимур бізден бір курс жоғары оқыды. Өте салмақты жігіт. Сабақты да өте жақсы оқитын. Артық сөз, оғаш мінез көрсеткен емес. Өйткені талай бірге қыдырып, кештерде бірге болғанбыз. Оқу бітіре сала ол бір жеке фирмаға жұмысқа тұрды. Қандай екенін білмеймін, әйтеуір бастық дейтін. Арада алты ай өткенде үлкен бастықтың орынбасары болды (оның бәрін Дианадан еститінбіз). Диана да оқу бітірген соң сол фирмаға жұмысқа тұрған. Көп ұзамай Тимур сол фирманың бастығы болды (шамасы ол фирма Тимурдың әкесіне тиесілі болса керек). Содан бастап біз Дианамен араласпай кеткен едік.

Ертеңінде Дианамен бір кафеде кездестік. Көптен көрмеген құрбыммен жылап көрістік (жылауының жайдан-жай емес екенін кейін түсіндім). Кафе деген аты болмаса, мейрамханаға бергісіз екен. Осы қалада жүріп ол кафені білмейді екем. Дәмді де құрбым өзі таңдады. Сөзінен байқағаным бұл жерде көп болған секілді. Даяшылар да «әдеттегідей ме?» деп сұрап жатыр. Әдеттегідейі – виски екен. Мен «ішімдік ішпеймін» деп едім, «онда вино ішейік» деп вино алдырды. Тамақ келмей жатып вино құйылды. Диана бокалдағы виноны су ішкендей бірақ сімірді. Мен Диананың көңілін қимай аздап ұртап отырдым. Дианадан қал-жағдай сұрап жатсам, ол «қыз мынадан ептеп ішіп алайық, әңгіме жақсы жүреді» деп өзіне виски құйдырды. Екі стакан виски ішіп алған соң ғана әңгімесін айтты.

Вискидің әсері ме әлде жан жарасы жанына батқан ба, әңгіме бастамай жатып біраз жылап алды. Айтуынша күйеуімен арада еш жылулық қалмаған. Қазір екі баласы бар. Ұлы сегізде, қызы алтыда екен. Тимур Диананың қалауын еш ескермейтін сияқты. Тіпті кейінгі уақытта Диананың бар жоғына да назар аудармайтын болыпты. «Үнемі іссапар деп кетіп қалады, көңілдесі бар екенін де білемін» дейді. Диананың көзінше қыздармен сөйлесіп, кетіп қалып, үйге түн ортасында келеді екен. Ал Диана бірінші баланы тапқанға дейін жұмыс істеп, одан кейін үйде отырыпты. «Табысты өзім табам» деп жұмыс істетпей қойған. Үйде күтуші ұстайды екен. Ұл мен қызды мектепке апарып-әкелетін жеке жүргізуші мен сабақ үйрететін де күтушісі бар көрінеді. Диананың сөзіне қарап, Абай атамыздың «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегені осы шығар деген ойға келдім. Өйткені, істейтін іс жоқ. Ақша бар, баланы біреу бағып жатыр. Диананың мына жүрісі ұнамады.

Тамақ ішіп отырып, Диана бір шөлмек вискиді жалғыз өзі тауысты. Жақсы қызып алды. Бірде күлді, бірде жылады. Мен мына маңайымызда отырғандардан қысыла бастадым. Диананың әрекеттерін ұнатпай, «балаларыңа неге өзің қарамайсың?» дедім. Айтуынша, енесі «сен балаға ауылдың тәрбиесін үйретесің, педагог емессің» деп, арнайы жоғары білімді педагог күтуші жалдапты. Сөйтіп баланы тапқаны болмаса, оны өсірген күтуші көрінеді. Айтуынша, күйеуі мен енесінің менсінбей қарап, кемсітуі Диананы осындай күйге жеткізген секілді. «Не істесем де ауылбай әрекетіңді қойшы деп жаратпайды» деп көз жасына ерік берді. Бір сәтке Диананы аяп та кеттім.


Диананың әңгімесін тыңдап біраз отырып қалыппыз. Бір кезде жанымызға бізден 5-6 жас кіші екі жас жігіт келді. Дианамен сүйісіп амандасты. Таныстары екен. Олар біздің столға жайғасып, вискиге тапсырыс берді. «Таныстық үшін» деп бір стаканнан сілтеді. Диана сөз салдырған жоқ. Мен ішпейтінімді айтып едім, жігіттер күнде көріп жүрген кісідей, өзімсініп «алып қойсайшы» деп сенге көшті. Ол кезде Диана қызып қалған. Мен жігіттердің қылығын ұнатпай қайтуға жиналдым. Диананың «қайда барасың, қазір жігіттермен пәтер жалдап, ойын-сауық құрамыз, ақша жетеді» деген сөзін естігенде талып қала жаздадым. Мынадай сөздерден кейін ол жерде бұдан артық қалуға болмайтын еді. Диананың да, жігіттердің де «қайда барасың?» деген сөздерін жүре тыңдап кафеден шығып кеттім.

Содан бері бір айдай уақыт өтті. Диана 4-5 рет телефон соқты, жауап бермедім. Бірақ Диананың жүрісі ойымнан еш кетпей қойды. Қандай қыз еді?! Ақыры сол жағдайды қағазға түсіріп, «Алаш айнасына» жолдауды ұйғардым. Әрине, құрбымның атын өзгертіп жазып отырмын.

 

Соңғы жаңалықтар