Қыдырәлі мен Қарақат бір жылға жуық уақытта елді қанша рет шулатты? - kaz.caravan.kz
  • $ 448.81
  • 476.82
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қыдырәлі мен Қарақат бір жылға жуық уақытта елді қанша рет шулатты?

Қыдырәлі мен Қарақат бір жылға жуық уақытта елді қанша рет шулатты?

Ел алдында жүрген өнерпаздар елдің аузында да жүреді. Әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов пен оның жұбайы, әнші Қарақат Әбілдина, әсіресе, соңғы бір жылға жуық уақытта жұрт арасындағы әртүрлі әңгіменің басты кейіпкерлеріне айналумен келеді.

  • 12 Сәуiр 2017
  • 7883
Фото - Caravan.kz

Қарақат жақында ғана туған күнін Астанадағы мешітте өткіземін деп, жұрттың сөзіне қалды. Бұл туралы сәл кейінірек. Caravan.kz медиа-порталының редакциясы жұлдызды жұптың бір жылдай уақытттан бергі басынан өткерген хикаяттарын тізіп шығуды жөн көрді. 

Бәрі былтырғы туған күннен басталды. Бұл 2016 жылдың 19 мамыры еді. 52 жасқа толып жатқан Қыдырәлі Болмановты Қарақат Әбілдина Инстаграмда құттықтады. Сөйтіп, оған тоқал сыйлайтынын айтты. Мұны жұрт, әрине, сан-саққа жүгіртіп жатты.

Бірақ бұның жәй сөз екені көп ұзамай-ақ мәлім болды. Екі күннен кейін интернет-порталдарда "Қарақат Қыдырәліге тоқал алып бермейтін болды" деген тақырыппен хабар тарап жатты. Сөйтсек, бұл әзіл екен. Әнші оны да Инстаграмға жазды.

Бірақ әңгіме мұнымен бітпеді. Шілде айында ғаламтор бетінде "Қыдырәлінің "тоқалын" жұрт алдында Қарақаттың өзі көрсетті" деген тақырыптағы ақпарат қаптап кетті. Сөйтсек, бұл жерде "тоқал" сөзі тырнақшаға бекер алынбаған екен. Өйткені екінші әйел дегені кәдімгі көлік болып шықты. Көлік болғанда да, қымбаты, әрине.

Қыдырәлі мен Қарақаттың арасындағы тоқал жайы осымен тәмәм болғандай еді. Бірақ Болманов өткен жылдың соңына қарай тағы да жұрттың сөзіне қалды. Бұл жолы ол тоқал туралы әңгімеге жер мәселесіне қатысты алаңға шыққалы жатқан халықты тоқтату үшін әдейі қозғау салғанын айтты. "Қарақатқа "Тоқал туралы жазшы" дедім. Ол түсінбей қалып: "Бұл не үшін керек?" деп сұрады. Мен жұрттың бізді үлгілі отбасы ретінде танитынын, біздің мәселемізді, менің тоқалымды сөз қылатынын айттым. "Иә, басында қиын болады. Бірақ шыдаймыз ғой" дедім. Содан кейін жастар алаңға шықпады. Біздің ойымыздағы болды. Барлығы тоқал тақырыбын талқылап жатты" дейді Қ.Болманов "Время" газетіне (7 желтоқсан, 2016 ж.) берген сұхбатында. Бұл мәлімдеме де қоғамды бір дүрліктіріп тастады. Тіпті біреулер "Қыдырәлі болмаса, қырылып қалғандай екенбіз ғой" деп кекетіп жатты.

Оның алдында, яғни тамыз айында да Қыдырәліге тыныштық болмады. Белгілі журналист Сәуле Әбединова оның бірінші әйелі екен деген әңгіме желдей есті. Бірақ мұны әнші де, журналист те бірден теріске шығарды. Әсіресе, бұған қатты ашуланған Сәуле Әбединова өзі шығаратын Akjunis.kz сайтында арнайы жауап беріп, былай деп жазды: «Қыдырәлінің бірінші әйелі мен емес. Менің жар дегенде жалғыз күйеуім болған — балаларымның әкесі Рүстем Көпбаев деген жігіт. Рая Мұхамедьярованың бір сөзі бар: «Бізді алла табыстырды, адамдар ажырастырды» деген. Мен балаларымның әкесін ессіз сүйгенімді айта аламын… Ал ажырасқанымыз — тағдыр. (Қаласаңыздар, неке туралы және некені бұзу туралы куәлігімді де көздеріңізге шұқып тұрып көрсетуге болады!)»

Күндердің күнінде, яғни өткен жылдың күзінде Қыдырәлі Болманов «Мәскеуде диссертация қорғадым, Ресейдің Ғылым академиясының профессорымын» деп әлеуметтік желіде жар салды. Ал осы жылдың басында мұнысы өтірік екен деген мағынада ақпарат тарай бастады. Бірақ әнші диссертация қорғап тұрған видеосын жариялап, сөзінің растығын дәлелдеуге тырысты.

Осы жылдың ақпан айында Қарақат Әбілдинаның аты тағы да көптеген интернет-портал жарияланымдарының басты тақырыбына айналды. Ол кезінде бір әннің сөзін шатастарып айтқан екен. Мұны бірінші болып әлеуметтік желінің
Нұртас Жұма Бек
есімді қолданушысы байқаған. «Төмендегі бейнероликтегі Алтекеңнің (Алтынбек Қоразбаев) «Елге сәлем» әнін шырқап тұрған Қарақат салған жерден сандырақтап тұр. Ол: «Інісі кімнің бар болса, Етегі ерте түрілер», – дейді ол» деп жазды Жұма Бек.

Сауатсыздықты жалпылаған жаяудан көрген бір басқа ел алдында жүрген бүгінгінің аспандағы жұлдыздардан жарығын артығырақ көретін жұлдыз сымақтарымыз не айтып не қойғанын өздері аңдамай қалама қайдам. Төмендегі беинероликтегі Алтекеңнің:Алтынбек Қоразбаев: #Елге сәлем# әнін шырқап тұрған Қарақат салған жерден сандырақтап тұр былай дейді "Інісі кімнің бар болса Етегі ерте түрілер" деиді Недеген сорақылық (етегі ерте түрілген етегі ерте көтерілген )деген сөзді қай жерде қай мағынада айтыларын қолданылатынын білмегеніме сонда. Негізгі Әбдірахман Асылбеков ағамыз жазған дұрыс нұсқасы былай еді. Армысың, балғын iнiлер, Ағалап алдан жүгiрер. Iнiсi кiмнiң бар болса, Өнерi өрлеп, iрiлер. Армысың, қарындастарым, Ақ тамақ қарлығаштарым. Сағынып келдiм сендердi, Дарынды жалын жастарым. Продюсер Қыдекең неге аңғармады екен сіздер не дейсіздер…

Posted by Нұртас Жұма Бек on Tuesday, February 21, 2017

Ал сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әніне Әбдірахман Асылбековтің жазған сөзінде әлгі шумақтың дұрысы былай екен:

«Армысың, балғын iнiлер,
Ағалап алдан жүгiрер.
Iнiсi кiмнiң бар болса,
Өнерi өрлеп, iрiлер».

Наурыз айында Қыдырәлі Болмановтың да айтып жүрген бір термесінің сөзінің авторын шатастырып алғаны туралы әңгіме шықты. Әнші Амандық Көмекұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында  былай деп жазған:

«Қыдырәлі Болмановтың "Сүгірдің термесі" деп орындап жүрген термесі Елбайдың термесі. Оның ішінде бір ауыз Сүгірдің сөзі жоқ. Қыдырәлі Голливудқа барар алдында Ақтауға келіп, Секен Тұрысбеков екеуі біздің үйде екі күн қонақ болды. Сонда бұл нұсқаны Қыдырәліге Сүгірдің сөзінің орнына Елбайдың сөзін салып жазып бергенмін. 1985 жылы жастарды термеге тарту үшін Сүгірдің Ата қонысы Маңғыстауға көшерінде бауыр басып қалған Бесқала xалқымен қоштасарда айтқан ұзақ толғауының "Ауылға Сүгір келді деп…" деген бөлшегін Көшкі Жеменей Омар жыраудың сазын пайдаланып, эстрадаға бейімдеп салғанмын».   

Ал Қарақаттың өткен аптада Алла үйінде жасаған туған күніне қатысты гу-гу әңгіме әлі де басылмай тұр. Ол өткен аптада Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде құрбыларын жинап, туған күнін әрі «Құрсақ шашу» рәсімін өткізген еді. Оның арты дауға айналып, ақырында Қарақат ниетінің түзу болғанын айтып ақталды.

  

Бұл – бір жылға жуық уақытта болған жайттар. Қыдырәлі мен Қарақат оның алдында да жұрттың сөзіне қалып жүретін. Ал солардың арасында көпшіліктің көбірек есінде қалғаны – 2014 жылы қазан айында Құрбан айт кезінде сиыр сойып, соның қасында отбасымен түскен суретін әлеуметтік желіге жариялауы.

Соңғы жаңалықтар