«Қымбат жандар» бағдарламасы жұртты шошытты - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 «Қымбат жандар» бағдарламасы жұртты шошытты

«Қымбат жандар» бағдарламасы жұртты шошытты

Qazaqstan телеарнасындағы «Қымбат жандар» бағдарламасын жүргізетін Қымбат Досжанның ағасын іздеп келген бойжеткенге қаралы хабарды эфирде естіртуін әлемжелідегі жұрт қатты сынға алды.

  • 4 Қараша 2020
  • 780
Фото - Caravan.kz

Анау-мынау емес, мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінетін ұлттық арнадағы бағдарламаның журналист этиканы өрескел бұзып,  біреудің көз жасын көлдетіп,  қайғысы арқылы көрермен жинауын асқан цинизм мен арсыздыққа балап жатқандар бар.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Malim.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2 қараша күні ұлттық арна эфирінен көрсетіліп, шу тудырған бағдарламаның қысқаша мазмұны мынандай.  Бағдарламаға күйеуін ерте келген Зульфия  сегіз жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен ағасы Асылбекті іздеп келген. Бағдарлама түсірілімі үшін сонау Ақтаудан келген бойжеткенді жүргізуші барынша сөйлетіп, отбасы туралы сұрақтар қояды. Олардың  Қазақстанға Қарақалпақстаннан келгенін, алты ағайынды екенін, үйдің үлкені кім, анасы қайда тұратынын анықтап алған соң, Қымбат Досжан бойжеткеннен ағасы туралы сұрай бастайды. Басқа қалаға жұмыс іздеп кеткен ағасы соңғы рет «ұрып кетті, мал бағатын жеге алып кетті» деп хабарласқанын айтқан қарындасы одан кейін хабар үзілгенін жеткізеді. Осы арада жүргізуші Қ.Досжан Зульфияға ере келген жолдасын әңгімеге тартып, олардың қай уақытта үйленгенін,  күйеубаланың жоғалып кеткен ағасын көрмен-көрмегенін сұрап, жараның аузын тырнай түседі. Содан кейін Зульфияға қайта ауысып, «ағаңның мінезі қандай еді?» деп сұрақ қояды. Кейіпкердің «мінезі жақсы еді» деген жауабын місе тұтпаса керек, «Қандай? Жаман әдеті жоқ па еді? Ішімдік жағына жоқ па еді?» деп тықақтай түседі. «Арасында шегеді, бірақ ішпейтін еді»  дейді ағасының суретін қолына ұстаған бойжеткен. Туысын жамандыққа қимайтын, соңғы үмітін арқалап келгенін біле тұра жүргізуші одан  «енді қазір қарындасы ретінде қандай ойда отырсың?» деп қазбалайды. Бұған  бойжеткен «ағам бар деп ойлаймын» дейді.

Бағанадан бері осыны естігісі келсе керек, жүргізуші «Олай болса экранға қарайық»  дейді. Сөйтіп, экранда «үйінен шығып, үйірінен адасып кеткен жандар көп» деп басталатын сюжет көрсетіледі. Бірден астанадағы Тілендиев бойындағы қалалық зират көрсетіліп, онда «тұрар жері, құжаты жоқ жандардың көбі осында жерленген, олар алып шаһарға арман арқалап келген Асылбек секілді азаматтар еді» делінеді. Асылбектің суреттері алма-кезек көрсетіліп, оның қалаға жұмыс істеп, үй алып, үйленемін деген арманмен келгені айтылады. Артынша Асылбектің тұратын жері, жұмысы болмаған соң полиция бөлімшесіне қаңғыбастармен бірге түскенін келтіреді.  Бағанадан бері бойжеткенді эфирге телміртіп қойып, сезімін әбден азаптаған сюжет «2014 жылдың 10 ақпанында астанадағы жылу құбырларының бірінің маңынан оның мәйіті табылған» деп аяқталады. Ағасының бұл пәниде жоқтығын сюжеттен естіген бойжеткен еңіреп жылап сала береді.

Жүргізуші Қымат Досжан ағыл-тегіл жылап отырған жас қызға «Біз өздеріңді Маңғыстаудан хабарға келіңдер деп шақырған кезде дәл осындай хабарды айтамыз деп ойлаған жоқпыз» деп ақталады. «Жыла, жылаңыз, ағаны жоқтайтын қарындастың барына шүкір» деп жұбату айтқандай болады.


Бірақ бағдарламаның нүктесі бұл жерде қойылмайды. Бойжеткеннің көз жасын көл-көсір еткені аз көрді ме, бағдарламаға астанадағы Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің капитаны Әлішер Махамбетті шақырыпты. Әлгі полицей ағасы Асылбекке қатысты құжаттарды Зульфияға тапсырады. Бір жерде адамдарды зар илетіп жылатып қойған бағдарлама жүргізуші сол жерде әлгі бөлімшенің полицейлерінің аты-жөндерін атап, алғысхат табыс етеді.

Сөйтіп, хабар бойы қызбаладан ағасы туралы сұрап, әбден сөйлетіп алған соң,  аязда  үсіп үлгенін естірткен бағдарлама кейіпкерлерді «берік болыңдар» деп шығарып салады.

Ұлттық арнаның журналистік этиканы аяқтасты етіп, адам қайғысы мен көз жасын пайдаланып, рейтингке айналдырғанын талқылап жатыр.

Мәселен Ермек Тілеген бүй дейді: Беу, жігіттер, рейтинг қуғанның жөні осы екен, онда екі жарым мың шақырым жерден іздеп келген қарындасына ағасының сүйегін қазып әкеп табыс етпедіңдер ме студияда.

Қымбат Досжанның осы бағдарламасына ашуланған әлемжелі қолданушылары Qazaqstan-ды қатты сынап, бұл мәселеге министр Аида Балаеваның араласуын сұрап отыр. Мұндай телецинизмді тыюға шақырып жатқандар да көп. Бірақ ұлттық арнаның өзі әзірге үнсіз.

 

Кейін белгілі болғандай, осы жағдайдан кейін Қымбат Досжан көпшіліктен кешірім сұрады.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Қымбат жандар хабарының бір шығарылымына қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Осыған байланысты түсінік беріп өтсем.

«Қымбат жандар» хабарына А.Дүйсеновтің туыстары іздеу салды. Бағдарламаны эфирге дайындау барысында А.Дүйсеновтің осыдан 6 жыл бұрын қаза тапқаны анықталды. ІІД өкілдері де осы күнге дейін бұл азаматты бірде-бір адам іздемегенін, ресми түрде арыз берілмегенін, тек бағдарлама редакциясы ғана іздеп хабарласқанын айтты. 3 ай моргта жатып, сосын жерленген екен.

Иә, кей көрермендер жазып жатқандай, қаралы хабарды кейіпкерді эфирге шығармай-ақ жеткізуге болар еді. Бірақ қалалық зиратта үй-күйсіз, құжатсыз жүріп қайтыс болған азаматтар өте көп. Бір ғана біз іздестірген А.Дүйсенов 246-шы нөмірмен жерленген. Заң талаптарын, қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауды білмейтіндер көп. Хабарсыз кеткен туысына әлі күнге дейін ресми түрде арыз жазбай, «келетін шығар» деген үмітпен жүргендер қаншама. Аты-жөнімен емес, нөмірлеп жерленгендердің туыстары тым болмаса сүйегін іздеп тапса деген ой болды. Сіздер талқылап жатқан хабарға қатысқандар да түсірілім аяқталғаннан кейін марқұмның рухына құран бағыштады. 6 жылдан кейінгі бағышталған құран.

Біз бұл бағдарламаны рейтинг үшін емес, жақынын жоғалтқандарға көмектесу мақсатында дайындаймыз. Бұл оқиға бойынша атқарған жұмысымыз игілік емес, қателік болса көпшіліктен кешірім сұраймыз. Және «бір күні айналып келіп қалар деп емес, қымбат адамыңыз жаныңыздан жырақтаса, әрекет етіңіз» дегіміз келеді", — дейді ол.

Соңғы жаңалықтар