Жарияланды: 90

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс: 13 адам қаза тапты

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс: 13 адам қаза тапты  Сурет - РИА Новости

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында болған қарулы қақтығыс кезінде 130-дан астам адам зардап шекті

 Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі шекарадағы атыс кезінде 13 адамның қаза болғанын хабарлады. Бұдан бөлек, 134 адам зардап шекті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik Кыргызстан-ға сілтеме жасап.

"Зардап шеккен 25 адам арнайы бортпен Баткеннен Бішкекке жеткізіліп, травмотология мен ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына, ұлттық хирургиялық орталығына және ұлттық госпитальге жатқызылды. Екеуінің жағдайы ауыр, қалғаны орташа деңгейде жарақат алған", — делінген ресми хабарламада.

Бұған дейін 12 жасар бір қыздың қаза болғаны туралы хабар тарады. Қырғызстан мен Тәжікстан бейсенбі күні кешкі сағат 20:00-де оқ атуды тоқтатуға келіскен болатын. Алайда түнде атыс қайтадан басталды. Баткен ауданының үш ауылында үйлер жанып жатыр. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Ол жерде төтенше жағдай енгізілді.

Жанжал қалай басталды

28 сәуірде Тәжікстан азаматтары Ак-Суу өзенінің жағасынан шартты шекара сызығына жақын жерде қиыршық тасты таси бастады. Одан кейін Баткен ауданындағы "Головной" бостоғаны жанындағы электр бағаналарға бейнебақылау камераларын орнатуға кірісті. Сол кезде екі жақтан 100-150 адам жиналып, бір-біріне тас лақтыра бастады. Кешке қарай жағдай тынышталды. Тәжікстан жағы бейнекамераларды алып тастауға келісті. Бірақ уәдесін орындаған жоқ.

Ертесінде жағдай ушыға түсті. Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилері бір-біріне оқ жаудыра бастады.

Тәжікстан 1924-1927 және 1989 жылдардағы карталарға сәйкес гидроқұрылыс олардың еліне тиесілі екенін айтты. Су тарату пункті 1968 жылы салынған және Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанның шекаралас қалалары мен аудандарының жер суландыру жұмыстарына арналған.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін