Жарияланды: 220

Қытайда 16 жыл босқа қамалған Зейнолланың Қазақстан азаматы екені расталды

Қытайда 16 жыл босқа қамалған Зейнолланың Қазақстан азаматы екені расталды

25 тамызда Алматы облыстық көші-қон қызметі Қытайда 16 жыл қамауда отырып, биыл сәуір айында Қазақстандағы отбасына оралған

Рақыжан Зейноллаға Қазақстан азаматы екенін растайтын құжат берді. Әйелі Фарида Қабылбек күйеуі Рақыжан Зейнолланың баспасөзбен сөйлескісі келмейтінін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы  centralasian.org-ке сілтеме жасап.

- Ол Қытай түрмесіндегі үрейден әлі арыла алмай жүр. Қазақстанға кетерде Қытай полициясы "басынан өткен жайтты жарияламау" жөнінде құжатқа қол қойдырып алған. Сондықтан ешкімге сұқбат бергісі келмейді. Бүгін Қазақстан азаматы болғанын растайтын құжат алғанына қатты қуанып отыр, - дейді Рақыжан Зейнолланың әйелі.

Рахыжан Зейнолла 2003 жылы Қазақстан азаматтығына құжат тапсырған. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оған азаматтық беру туралы жарлығы да шыққан. Бірақ Қазақстан азаматы екенін растайтын куәлігін алмай тұрып, Қытайға қыдырып барған ол кері қайта алмай қалған.

Бұған дейін әйелі Фарида Қабылбек күйеуі Рақыжан Зейнолланың Қытайда "ақпарат тасушы саяси қылмыскер" деген айыппен 13 жылға жазықсыз сотталғанын айтып, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында бірнеше рет наразылыққа шыққан.

Рахыжан Зейнолла 2018 жылы түрмеден шығып, қайта ұсталып, тағы да бір жыл саяси лагерьде болған. Одан кейін тағы да екі жылға жуық үйқамақта отырған ол 2021 жылы 9 сәуірде Қытайдың Чэнду қаласынан Алматыға ұшып келген.

58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп, Алматы облысына қоныстанған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін