Жарияланды: 300

Қытайдағы қазақ ғалымы буаз биенің зәрінен қартаюға қарсы дәрі жасалатынын айтты

Қытайдағы қазақ ғалымы буаз биенің зәрінен қартаюға қарсы дәрі жасалатынын айтты

Қытайда тұратын қазақ ғалымы, «Тарым» университетінің профессоры Гымыңгүл Мұқантайқызы буаз биенің несебінен жасалатын, қыз-келіншектердің қартаюын тежейтін дәріге шикізат дайындауға болатыны туралы айтты.

Оның айтуына қарағанда, несеп жию кезінде бие күтіміне қойылатын бірнеше техникалық талап бар, деп хабарлайды baq.kz.

 «Биенің буаздығы үш айдан асқаннан кейін оның несебін жинай бастайды. Күндегісін күнде жиып алып отыру керек. Бұл үрдіс биенің тууына 3 ай қалған кезде тоқтатылады» – дейді ғалым.

Біріншісі – қора-жайға қойылатын талап. Себебі, бие күні бойы қорада тұратындықтан, ол жер өте жайлы болуы керек. Күн нұры толық түсіп тұруы тиіс, сол арқылы жылқы бойындағы кальций толық болуы керек. Екінші – әр биенің арақашықтығы ескерілуі қажет. Себебі, бие несебін жинайтын торсық оның артына байлаулы болғандықтан, бір-біріне кедергі жасамауы қадағаланады. Үшінші – несеп алынатын биенің түсі қаракөк болмауы керек. Көк жылқының денесінде қара пегменттер көп болады. Ғалымның айтуынша, ол дәрі жасауға жарамсыз.

Буаз биенің несебінен алынған гормондардан қартаюға қарсы дәрі жасайтын бір ғана зауыт бар, ол Америкада. Бие күтіміне талап қойып отырған да сол зауыт. Дегенмен, зауыт биеге берілетін жем-шөпке ешқандай талап қоймайды. Ал бұл істі Қытайдағы жылқы шаруашылығымен айналысатындардың қолға алғанына да біраз болған.

«Соңғы жылдары Іле облысының Күнес ауданында арнайы осы саламен, яғни буаз биенің зәрін жинаумен айналысатын шаруашылықтар бар. Бір бие жылына 2-3 мың юань (100-150 мың теңге) кіріс кіргізе алады. Онсыз да босқа төгіліп жатқан несепті жиып алып, арнайы орынға тапсырады. Менің естуім бойынша 2008 жылы 1 грамм гормон 500 июань (25000 теңге) болатын. Бұл буаз биенің несебі аса қымбат деген сөз» дейді ғалым.

Гымыңгүл Мұқантайқызының сөзіне қарағанда жиналған несепті жергілікті тұрғындар сол жердегі несеп жинайтын орынға тапсырады. Онда несептен гормонды ылғап алады. Бұл арнайы аппараттың көмегімен жасалады. Ғалымның айтуынша, бұл аппарат тым қымбат тұрмайды. Ылғап алынған гормонды кептіріп, құрғақ ұнтақ күйінде АҚШ-тағы негізгі зауытқа жібереді. Ол үшін АҚШ пен Қытай тарптары екіжақты келісім-шарт жасасқан. Ол жерде арнайы қоспалар қосылып, өңделіп, дәрі жасалады. Бұл өнімнің патенті 70 жылға жуық уақыттан бері тек қана Америкаға тиесілі болып келеді. Басқа еш жер алған жоқ.

Гымыңгүл Мұқантайқызының айтуына қарағанда құрғақ гормон дайындауды Қытайдың Алтай өңірі де қолға алуды жоспарлап отыр.

«Қазіргі таңда құрғақ гормон алынатын несепті жинап беруді Алтайдағы жылқы шаруашылықтары да қолға алмақшы. Бір өкініштісі ол өңірде көп жылқы жоқ. Әйтпесе қора-жай, жем-шөппен қамдау мәселесі толықтай ұйымдастырылған. Сіздердегідей мыңдап жылқы айдап жүрген ешкім жоқ, ең көп жылқысы бар деген байларда 200 жылқыға жетер жетпес қана» дейді Гымыңгүл Мұқантайқызы.

Осы орайда ол Қазақстандағы жылқы санының көптігін, бірақ оны тиімді пайдалана білмей отырғандығымызды айтты.

«Сіздерде осынша көп жылқы бола тұра, оның өнімдерін керекке жарата алмай отырғандарыңыз ойландырады. Бір шаруашылықта, бір қожалықта мың, екі мың жылқы болуы біздің түсімізге де кірмейді. Қазір Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан сияқты жылқы саны көп елдерге Америка қызыға қарап отыр. Егер сіздер мүмкіндік берсеңіздер, олар өздері-ақ келіп, сіздерге несептен ақша жасауды үйретіп берер еді» дейді жылқытанушы ғалым.

Гымыңгүл Мұқантайқызы буаз биенің несебін жинап береміз дейтін шаруашылықтар болса, Қытайдағы несеп өңдеп, құрғақ гормон дайындайтын зауыттармен байланыс орнатып беруге де дайын екенін айтты.

«Егер Қазақстанда жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары осы іспен шұғылданамын дейтін болса, Қытайдағы зауыттармен байланыс орнатып беруге болады. Олар осында келіп өздерінікі секілді гармон кептіретін аппараттарын орнатып береді» дейді ғалым.

Оның айтуына қарағанда, қазір Қазақстанда биенің шуын жинайтын орталықтар ғана жұмыс істеп тұр. Бие туғаннан кейінгі табиғи қалдық, яғни шуды жинап, кептіріп, одан да әйелдерге арналған дәрі жасайды. Қазіргі уақытта шу сұранысқа ие шикізаттың біріне айналып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть