Жарияланды: 9200

Қытайлар Ақжарқын Тұрлыбайдың келесі сот отырысын неге айтпай жатыр?

Қытайлар Ақжарқын Тұрлыбайдың келесі сот отырысын неге айтпай жатыр? Сурет - Khabar.kz

Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайдағы кезекті сот отырысының нақты мерзімі анықталмай тым ұзаққа созылуы ата-анасын алаңдата бастады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Есірткі тасмалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Пяу Жандай мырза да Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімоваға келесі апелляциялық сот отырысына қатысты мардымды ештеңе айтпапты. Әзірге тек қызының қытай түрмесінде жазасын бірқалыпты өтеп жатқанын ғана жеткізген.

Зухра Сейтімованың айтуынша, былтыр қазанның 2-сі күні өткен апелляциялық соттың соңғы отырысында келесі талқылауды ақпан айына қалдырған болатын. Ал ақпанда өтуі тиіс болған сот талқысын барша қазақ жұрты күтті. Себебі сол кездері көктемде бір жақсы жаңалық болатын сияқты деген сөздер де айтылған еді.

«Өкінішке қарай Қытай жағы сот отырысын белгісіз себептермен кейінге қалдырды. Оның енді қашан өтетінін адвокатар әлі күнге дейін айта алмай отыр»,- деді Ақжарқынның анасы Зухра Сейтімова.

Қытайдың сот жүйесіндегі түсініксіз жағдайлар Ақжарқының ата-анасын әбден сансыратып тастаған. Бірақ қазақстандық бойжеткеннің ет жақындары бәрібір күдер үзбек емес.

«Қытайдағы қазақ дипломаттармен де хабарласып жүрміз. Ол жақтан да ешқандай жаңалық жоқ. Бірақ қанша уақыт өтсе де үмітімді үзбеймін»,- дейді Зухра Сейтімова.

Ал Ақжарқынның өзі болса ата-анасы уайымдамас үшін бәрі жақсы дегеннен танбайтын көрінеді.

Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда есірткі тасымалдады деген айыппен ұсталған. Көп ұзамай қазақстандық бойжеткенді сол елдің соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін