Астанада күн әлі қатты жылып, қар толық ери қойған жоқ. Сонда да көшелер мен аулалар қазірдің өзінде көлге айналып аяқ алып жүре алмайтындай деңгейге жеткен. Ол аздай көпқабатты тұрғын үйлердің жылдағы машақаты да биыл ерте басталып кетті. Жертөлеге толған су сағат санап көбейіп жатыр.
— Су енді үйімізіге кіреді. Ішінде «жүзетін» шығармыз.
Осылайша су астында қалған тұрғындардың өз шаңырағына кіріп-шығуы мұң болып отыр. Есіктің алдына дейін ентелеп кірген судан жұрт мынадай резеңке етік киіп жансақтауға мәжбүр.
Күлай Жантасова, Астана қаласының тұрғыны:
— Далаға шыға алмаймыз, аяқ киім жоқ. Өзім сексендемін, мына жерде тоқсандағы әже бар. Таңертең балалар жұмысқа шығатын болса, кезек-кезек арқалап шығарамыз.
Бұл көрген қорлығы аздай үйлер екі күннен бері жылудан да ажыратылған. Суық пәтерде бүрсең қаққан тұрғындардың жанайқайына әзірге ешкім құлақ асып жатқан жоқ.
Татьяна Горленко, Астана қаласының тұрғыны:
-Хабарласпаған жерім қалмады. Әкімдікке, құтқару қызметінен де көмек сұрадық, ешкімнен қайыр болмай тұр. Жақында балалар мектепке бару керек. Оларды қалай жібереміз?
Бас шаһардааулалар мен үйлер ғана емес, ірі мекемелердің қызыл судан зардап шегіп отыр. Ал, көшелер кәдімгі көлге айналған. Басқа ауданды айтпағанда тіпті Есілдің сол жағалауындағы жағдай да мәз емес. Еріген қар суы миллиондарға жөнделген жолды жарамсыз етіп жатыр. Ахуал әлде де ушығуы мүмкін. Өйткені синоптиктердің болжамынша, сәуірден бастап күн күрт жылымақ. Атқамінерлер болса тасқынды болдырмау үшін «жанталасып жатырмыз» деп сұхбат беруге ықылас таныта қоймады.
—Қар ерігенде, мақтаулы Астанада қызыл судан көз ашпайды. Күннің күрт жылынуы да ахуалды ушықтырып жіберіп жатыр. Қазірдің өзінде Елордаға таяқ тастам жерде орналасқан ауылдардың шетін су жайлай бастады. Ал көмек күтіп шаршаған тұрғындар өздерінше қам-қарекет қылуда.