Жарияланды: 550

Қызылқайрат ауылының тұрғындары судан өтетін бір көпірге зар

Алматы облысындағы Қызылқайрат ауылының тұрғындарына өз үйлеріне кіріп-шығу бас ауруға айналған. Мұнда таудан аққан су барлық жолды жауып тастапты. Қазір жұрт баспаналарына суық суды кешіп жетеді. Жаңа көпір тұрғызбақ болған халыққа шенеуніктер рұқсат бермей отыр. Атқамінерлердің өздері де көпір салып беруге құлықсыз дейді жұрт.

Алматы іргесіндегі Қызылқайрат ауылына 8 жылдан бері жаңа үйлер салынып жатыр. Бірақ мұнда ауыз су мен жол мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Ең сорақысы, ауылда жұрттың үйлеріне кіретін жарты қадам жер де жоқ.

Тұрғындардың үйлеріне өтетін жалғыз жол мына арық. Қазір мұның суы азайған. Ал, көктем келсе арнасынан тасып, тіптен тереңдей түседі екен. Жұрт көліктерін арықтың арғы бетіне тастап, үйлеріне осылай суды кешіп өтуге мәжбүр.

Таудан аққан су тастай. Арықты кешіп жүрген бала түгілі, үлкендер де ызғар өтіп, әбден аурушаң болған. Ал қыста ағынды су мұзға айналады. Мектепке баратын оқушылар қатқан арықтың үстімен жүріп өтеді екен.

Ғалия Жақыпова, Қызылқайрат ауылыың тұрғыны:

-  Кішкентай балалар қыс кезінде өтеді ғой сабаққа. Мынаның бәрі мұз болады. Машина, көліктер жүре алмайды, оның бәрі мына Қызылқайрат арқылы айналып, центральный трассаға шығамыз. Ал, енді балалар жаяу өтеді ғой.

Жұртшылық әкімдікке қайта-қайта барып шаршаған. Еш нәтиже шықпағасын, таудан аққан суық суды кешіп жүрген олар жаңа көпір салуға әрекеттеніпті. Өздері қаржы жинап, 200 мың теңгеге бетон әкеліп орнатқан.

- Көпір салу үшін өзіміз сатып алып келгенбіз. Оны қаладан кәдімгідей алдырдық. Соншама машина жалдадық, кран жалдадық, осының бәрін қойдық.

Дегенмен, шенеуніктер тұрғындардың бұл әрекетін бірден тоқтатады. Ал өздері су жаңа көпір салып береміз деп уәде етумен келеді екен. Бүгін де бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отырғандарын айтты.

Асқар Манабаев, Алатау ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

-  Қазіргі уақытта облыстан, республикадан қаражат күтіп отырмыз. Қаражат бөлінсе, жақсы көпір салып береміз.

Осылайша, ақша бөлінсе, қызылқайраттықтар көптен күткен көпірдің құрылысы басталмақ. Бірақ оның нақты қай уақытта салынары әзірге белгісіз. Ал қарапайым халықтың жаңа көпір салынғанша күнде таудың мұздай суын кешуден басқа амалдары жоқ.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін