Саяжайшылар күнде бір-бірін батпақтан шығара алмай, осылай жанталасып жатады. Бұл маңдағы 800 саяжай иелерінің көктем келгелі көргені осы.
Руфина Корева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Көлігіміздің дөңгелектері тым төмен, мынадай сұмдық жолмен жүре алмайды. Енді келесі жолы саяжайға қалай жетеміз?
Бұрын бұл жерге аптасына екі рет қаладан автобус қатынайтын. Соңғы рет ойдым- ойдым жолдың кесірінен аударыла жаздаған оның жүргізушісі енді жолға шығудан бас тартқан.
Александр Орынбасаров, Петропавл қаласының тұрғыны:
—Мына әжелер мен көлігі жоқтар қаланың соңғы аялдамасынан түсіп, темір жолмен, шпалдардың үстімен 3-4 шақырым жол жүреді. Өйткені мына батпақтан көлік тұрмақ жаяу жүргіншілер де өте алмайды.
Саяжайшылар жағдайларын айтып, қалалық әкімдікке талай рет барған екен. Ал шенеуніктер биыл бюджеттен саяжай тұрмақ, қала көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге мүлдем қаржы қарастырылмағанын алға тартқан. Тек 18 көшенің шұңқырларын жамауға ақша бөлініпті. Ал бұл жағдайда саяжайға апаратын жол туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Виктор Малинко, Петропавл қалалық саяжайшылар қоғамының төрағасы:
-Биыл қаржы жағы қиын болып тұр. Қала бюджеті қысқартылған. Саяжайларға жарық тартып, су мен күзетке 21 млн теңге сұрадық. Тағы 3 млн жол жөндеуге қажет. Бірақ бұл ақшаның бөлінуі екіталай.
Шенділер екінші жартыжылдыққа бюджетті қайта қарастырғанда ақша артылса, саяжайларға апаратын жолдарды жөндейміз деп сендірді. Бұл тек маусым, шілде айларында белгілі болмақ. Ендеше қаржы табылғанның өзінде, тендер жариялап жұмыс басталады дегенше қыс түсетін түрі бар.