Рахымжан Отарбаев кітабын өртегендерге күйіне жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 441.41
  • 477.78
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
15 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Рахымжан Отарбаев кітабын өртегендерге күйіне жауап берді

Рахымжан Отарбаев кітабын өртегендерге күйіне жауап берді

Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев осыдан бір апта бұрын "Әдебиет порталына" берген сұхбатында өзінің біраз аға әріптестері

  • 14 Қыркүйек 2016
  • 1378
Фото - Caravan.kz

Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев осыдан бір апта бұрын "Әдебиет порталына" берген сұхбатында өзінің біраз аға әріптестерін сынап тастаған еді. Мысалы, ол Мұхтар Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқызбайтынын айтқан. Сондай-ақ, тіпті Асқар Сүлейменовті жазушы емес деп салған. Қызды-қыздымен әдебиетте өзін мойындатқан талай тұлғаларымызды осылайша түйреп өтті.

Осыдан кейін Рахымжан Отарбаевты табалаушылар көбейді. Тіпті біреулер оның "Шыңғыс ханның көз жасы" атты кітабын өртеп жіберді. Енді жазушы тағы да сол "Әдебиет порталында" өзін табалаушыларға жауап жазған. Онда былай дейді:

"Қазақта 800-ге таяу қаламгер бар. Соның елге белгілі ақын-жазушыларының талайы менің айтқандарымды баяғыдан күбір-сыбырмен айтып-ақ жүр. Мен ашық кетіп едім, талақтары тарс айырылды. Бұлар қазақ әдебиетінің өркениеттің өзгеше үрдісімен өрнек жаюын көксейтін қарымды қаламгерлер немесе талғамдары әлемдік мәдениеттің інжу-маржандарымен қалыптаса бастаған заманның оқырмандары (жастар) емес, екі арадағы әдеби түсініктің дүбаралары. Олар бұл пікір таластан мені былай қоя салып, ру-ру боп қырқысып, бірінің қоясын бірі қазып, қырғиқабақ қырқысып кетуі сол дүбаралық. Соның кесірінен біртұтас білікті, мәдениетті ұлт болып қалыптаса алмай жатқанымыз көрініп қалды. Осымен қатар олар бүкіл жұртқа тарайтын интернет желіні адамның аузы барып айта бермейтін анайы атаулардың, боқтық сөздердің мінбесіне айналдырып алды. Жалғандыққа жаны қас «Жалғыз атты жолаушының» жабылып жалауын құлатып, жарығын сөндіруге болар, одан дүние бүлініп кетпес, ал ру-руға бөлініп алып ұлттың өзіне ұрыс салу қасіреті қазақты қайда апарады?! Ал, мен өз ойымды ашық мәлімдедім. Дұрысы, бұрысы болар, солай! Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Қорқақ, қорқау бір мүскін менің өмірбаянымды қазып отыр. (Кім екенін білемін) Ешкімде жарық дүниеге періште, пайғамбар болып келмейді. Жеке бастың кем – кетігін түгендеу жетесіздіктен басқа не?!

Өртемек тұрмақ елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ.


Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен.

Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған. 

Әй, ел емес екенбіз ғой".

Соңғы жаңалықтар