Референдумның нәтижесі белгілі – үкімет ары қарай не істейді - kaz.caravan.kz
  • $ 492.22
  • 529.38
0 °C
Алматы
2024 Жыл
7 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Референдумның нәтижесі белгілі – үкімет ары қарай не істейді

Референдумның нәтижесі белгілі – үкімет ары қарай не істейді

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумның алдын ала нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес, дауыс берген халықтың 70 проценттен астам АЭС құрылысын бастауды қолдады. Референдум нәтижесі ресми түрде бекітілгеннен кейін атом электр станциясын салатын компанияларды таңдау қажет

  • 7 Қазан
  • 12
© Photo : Пресс-служба государственной корпорации по атомной энергии "Росатом"

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Компанияны кім таңдайды?

Бұған дейін үкімет мүшелері референдумнан кейінгі жұмыс тәртібін бірнеше рет айтқан. Оған сәйкес, халықтың басым бөлігі АЭС салуы қолдаса, арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына құзіретті мемлекеттік органдар, сарапшылар мен ғалымдар кіреді. Дәл осы комиссия АЭС салатын компанияны таңдайды. Қазіргі кезде төрт елдің компаниясы Қазақсанда атом электр станциясын салуға дайын.

Олар:

CNNC (Қытай, HPR1000 ректоры):

KHNP (Оңтүстік Корея, APR1000 мен APR1400 реакторлары);

Росатом (Ресей, ВВЭР-1200 реакторы);

EDF (Франция, EPR1200 реакторы);

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС-тың құрылысын құзіретті мемлекеттік органдар ғана емес, МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымдар да бақылап отырады. Ал компанияны таңдауға тәуелсіз халықаралық ұйым тартылуы мүмкін. Осы ұйымның сарапшылары үкіметке көмектесіп отырады.

Тоқаев өз ұстанымын айтты

Референдум кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салатын компанияға қатысты өз ұстанымын ашық айтты.

«Бұл күрделі мәселе, менің ойымша, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек. Қалғанын уақыт көрсетеді», — деді Тоқаев.

Осылайша, мемлекет басшысы өз көзқарасын айтып, үкіметке негізгі бағытты көрсетті. Енді, министрлер кабинеті тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Ал комиссия бір емес, бірнеше елдің компаниясын таңдайды.

Айта кетері, қазіргі кезде Түркиядағы Аккую атом электр станциясын да халықаралық консорциум салып жатыр. Атап айтқанда, реакторларды Ресей, турбиналарды Франция, ал автоматиканы Еуропа жеткізіп жатыр.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қауіпсіз және ең тиімді шешімге басымдық берілетінін айтып отыр. Басты талаптардың бірі – жобаны қаржыландыру. Демек, АЭС салатын компания өз ақшасын алып келуі керек. Ал станцияны іске қосып, барлық шығынын қайтарып алғаннан кейін өзімізге тапсырып кетеді. АЭС-тың құрылысы шамамен 10 жылға созылуы мүмкін. Ал оған кететін қаржының көлемі – 10-12 миллиард доллар. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге де біраз уақыт қажет.

«Барынша тиімді ұсыныс таңдау қажет»

Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, әзірше үкімет бәрін дұрыс істеп жатыр. Еуропада тура солай АЭС салатын компанияларды таңдайды. Мәселен, Чехияға бірнеше ұсыныс түскен. Олар ең тиімді шарттарды таңдаған.

«Меніңше, чехтар өте жақсы таңдау жасады. Бізге де тура солай АЭС салғысы келетін компаниялармен барынша саудаласу қажет. Құрылыстың бағасы да, қауіпсіздік шарттары да тиімді болуы керек. Бұл жерде субъективті мәселелерге емес, тек экономикалық көрсеткішке басымдық берген жөн», — дейді Агафонов.

Сарапшының есебіне сәйкес, биыл Қазақстан сырттан сатып алатын энергияға шамамен 60 млрд теңге жұмсайды. Әзірше, бұл көп ақша емес сияқты. Бірақ уақыт өткен сайын электр энергияны тұтыну көлемі өсе береді. Оған кететін қаржының көлемі де артады. Сондықтан қосымша энергия көздерін салу қажет.