Жарияланды: 610

Ресей Каспий теңізінің түбімен мұнай құбырын тартуға қарсы - В.Калюжный

Ресей Каспий теңізінің түбі арқылы мұнай және газ құбырын тартуға қарсы. Бұл туралы Маңғыстау облысында өтіп жатқан "Caspian Ecology 2003" атты алғашқы халықаралық конференцияға қатысу барысында Ресей Федерациясы президентінің Каспий аймағындағы мәселелер жөніндегі арнаулы өкілі В.Калюжный журналистерге мәлімдеді.

Теңіздің түбі арқылы Ақтауды Бакумен, одан әрі Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы экспорттық құбыр жүйесімен жалғастыратын құбыр тарту жөніндегі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бірлескен жоспарға қатысты Ресейдің позициясына түсініктеме берген В.Калюжныйдың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру - Каспий теңізінің қоршаған ортасы үшін қауіпті болмақ. Оның пікірінше, сезік тудыратын негізгі факторлардың біріне жататын теңіздегі сейсмикалық белсенділікке Каспий маңындағы басқа мемлекеттер мән бермей отыр. В.Калюжныйдың хабарлауынша, Ресей жағы осынау "күрделі" мәселені аталмыш конференцияның бір сессиясы барысында сарапқа салуды ұсынған. Алайда, бастапқы кезеңде мұндай ұсыныспен келіскен Қазақстандық ұйымдастырушылар соңынан бұл тақырыпты шара аясынан шығарып тастаған. В.Калюжныйдың пікірінше, "қазіргі таңда мұнай және газ құбырын, бақылауда қиындық тудырмайтын құрғақтағы аумақтар арқылы тартуға мүмкіндіктер толық болғандықтан, бұл мақсатта теңіздің табанын пайдаланудың қажеті шамалы". Ол осы орайда Каспий теңізінің өзіне қарасты бөлігін игеру - Қазақстан үшін ең маңызды даму перспективасы болып табылатына тоқталды. Әйтсе де, теңіздің солтүстік бөлігі Кеңес Одағының тұсында жабық қорық аймағына саналғандықтан, көмірсутегі кеніштерін игеруде экологиялық қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға қойылуы тиіс,- дейді ол. В.Калюжный осыған байланысты Каспийдің Қазақстандық секторында Agip KCO халықаралық консорциумы игере бастаған Қашаған кенішін атады. Оның айтуынша, мұнай барлау жұмыстары теңіздің саяз бөлігінде жүргізілуіне, апаттармен күрес жөніндегі қазіргі заманғы технологиялардың жоқтығына, сондай-ақ, құрамында күкіртсутегі көп болатын қашаған мұнайының сапасына байланысты бұл кенішті игеру "едәуір күрделі қиындықтарға душар ететінін" атап көрсетті. Ол теңіздегі мұнай операцияларында қоршаған ортаға зиянды қалдықтар үшін "нольдік" принципті ұстанып отырған Ресейді мысалға келтірді. "Каспий - дүниежүзіндегі ең бір ерекше су қоймасы екенін біз түсінуге тиіспіз. Егер бұл аймақта қандай да бір жағдай бола қалса, онда бұл проблема Каспийді қоршай орналасқан бес мемлекетке де нұқсан келтіреді " ,- деді В.Калюжный.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін