Ресей президенті Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина вице-премьерлерімен кездесуде Біртұтас Экономикалық Кеңістік құруға қатысты мәселелерді талқылайды
Ресей президенті Владимир Путин бүгін, 25-шілдеде Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украина вице-премьерлері Сауат Мыңбаев, Андрей Кобяков, Виктор Христенко және Николай Азаровтармен кездеседі. Вице-премьерлер төрт мемлекет аясында Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың кезекті отырысына қатысуда. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Ресей президентінің баспасөз қызметінің хабарламасынан мәлім болды. |
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Мәскеуде Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жөніндегі жоғары дәрежелі топтың 6-отырысы өтіп жатыр. Онда Біртұтас Экономикалық Кеңістіктің концепциясы мен оны құру жөніндегі келісім жобасы сарапталып, жоғары дәрежелі топтың алдағы уақытта Қазақстанда өтеді деп межеленген кезекті отырысының мерзімі айқындалмақшы.
2003-жылдың 23-ақпанында Мәскеуде бас қосқан 4 мемлекет басшысы өзара экономикалық кірігу процессінің жаңа сатысы басталғанын мәлімдеп, бірлескен жоғары дәрежелі топты құрған. Жоғары дәрежелі топ 2003-жылдың қыркүйек айына дейін Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру жөніндегі келісімнің жобасын дәйектеуге тиіс. Жоғары дәрежелі топтың алғашқы отырысы 2003-жылдың 17-18-наурызында Киевте өтті.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін