Ресейдің Невель қаласында Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші ашылды - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресейдің Невель қаласында Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші ашылды

Ресейдің Невель қаласында Әбілқайыр Баймолдиннің ескерткіші ашылды

Ресей Федерациясының Псков облысындағы Невель қаласында ERG (Eurasian Resources Group) еншілес компанияның - ENRC-дің «Батырлар жолымен» атты халықаралық патриоттық жобасы аясында қалалық алаңға Ұлы Отан соғысының батыры Әбілқайыр Баймолдиннің есімін беру және оның қола мүсінінің ашылу рәсіміне арналған салтанатты шаралар өткізілд

  • 11 Мамыр 2014
  • 929
Фото - Caravan.kz

Полковник Әбілқайыр Баймолдин Невель қаласын қорғау кезіндегі операция барысында 1944 жылдың қаңтарында дүниеден озды. Бүгінгі таңда ол өзінің майдандық жолдастары Мәншүк Мәметова және Ыбырайым Сүлейменовпен қатар қаланың орталық әскери қабірінде жерленген. Биылғы жылы қаһарман полковниктің ерлігіне 70 жыл толып отыр.

Ұрыстардың бірінде ол өмірін тәуекелге байлап көз жұмған Мәншүк Мәметованы көтеріп алып шыққан. Старосемя ауылы маңындағы биіктік үшін болған шайқастың ең қиын-қыстау мезетінде полковник сарбаздарды шабуылға аттандырады. Батальон жау бұғауын бұзып тастады. Бұл Псков облысын фашистік басқыншылардан босатудың алғашқы қадамы болған еді.

Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай еуропалық топ «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық жобаны жаңғыртып, нәтижесінде батырдың туған жері Лебяжье ауылының Әбілқайыр Баймолдин көшесінде мемориалды тақта ілініп, Невельдегі алаңға оның есімі берілді. Сәуір айының соңында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ERG-дің еншілес компаниясы — ENRC құрамындағы ҚЭЗ) базасында құрылған «Майдан жолы» іздестіру отрядының мүшелері алаңда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жасап, полковниктің қола мүсінін орнатты. Сонымен қатар павлодарлық іздеушілер 600-ден астам кеңес сарбазы жерленген қаланың орталық әскери қабірін жөнге келтірді.

Қалада өткізілген салтанатты шараға Әбілқайыр Баймолдиннің туыстары, Еуразия тобының өкілдері мен павлодарлық іздеушілер қатысты. Мұнда Әбілқайыр Баймолдиннің басқаруы кезінде соғысқа қатысқан атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов көшесінде мемориалды тақта ашылды. Кейін қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне, әскери даңқ мұражайы мен жергілікті мектеп-гимназиясына барып қайтты.

Бұл шара барлық невельдіктер үшін үлкен мейрамға айналды. Полковниктің туыстары қазақстандықтардың атынан «Майдан жолы» отрядына, Невель ауданы әкімшілігінің басшысы Александр Ващенков пен оның бірінші орынбасары Олег Майоровқа, қалалық қоныс әкімшілігі басшысы Владимир Сизоненкоға және жергілікті тұрғындарға Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оның тарихына аса ілтипаттылық пен ізгіліктіліктерін танытқаны үшін өз ризашылықтарын білдіріп жатты.


«Мен өз әкемді ешқашан көрген емеспін, бірақ анамның айтуы бойынша ол бірегей тұлға болғанын білемін. Барлығы оның ерлігі, қаһармандығы мен қайраттылығын ерекшелеп айтуда. Мен үшін бұл — мақтаныш. Әкемнің есімін халық жадында мәңгілік қалдыру үшін өз үлесін қосқан жандарға менің алғысым шексіз. Бүгінгі шара солдаттарымыздың отанында жауынгерлердің қабірлерін іздеп, олардың есімдерін құрметтейтін нағыз патриоттардың бар екендігінің тағы бір дәлелі», — деді өз сөзінде полковник қызы Жұлдыз Баймолдина.

Митинг соңында делегация мүшелері 2010 жылы «Батырлар жолымен» жобасы аясында қаһармандар — Әбілқайыр Баймолдин, Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовке арнап орнатылған жаңа стела басына барып, гүл шоқтарын қойды. Ардагерлер Ресейдің ежелгі қалаларының бірін босату барысында қазақстандық сарбаздардың ерліктері мен адалдықтарын еске алыысты.

Ендігі жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай еуразиялық топ халықаралық патриоттық «Батырлар жолымен» жобасын Псков облысы Новосокольники қаласында жалғастырмақ. Бүгінгі таңда шаһардың алаңына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы келіссөздер жүргізілуде. 1944 жылдың 14 қаңтарында Насвинская жері үшін болған ұрыста Казачиха ауылы маңында мерт болған ол Монаково ауылының (Новосокольнический ауданы) мемориалды қабірінде жерленген.