Жарияланды: 420

Ресейлік компанияға алданып элиталық үйіден айырылған үлескерлер шу шығарды

Алматыда бай үлескерлер баспанасын даулап жүр! Бұл жолы элиталық үй құрылысына жауапты фирма мен оның салымшыларын ресейлік компания сан соқтырған. Өздері де үлес құрылысқа қаржы құйған ресейліктер сот арқылы «Весновка» кешеніндегі барлық 80 пәтерді иемденіп алыпты. Ал үйсіз қалған отандық үлескерлер енді кімнен не өндірерін білмей отыр.

Алматының қақ ортасындағы мына көпқабатты үйлерді «Глобал Строй Индустрия» компаниясы 2006 жылы бастаған. Қаржылық қиындықтарға байланысты ұзақ уақыт тоқтаған құрылыс 2 жыл бұрын қайта жанданған болатын. Енді тағы тоқтап тұр. Бұл жолы енді ақша емес, үлес құрылысқа қатысқан ресейлік компания себеп болған. Кезінде 21 пәтерді сатып алған шетелдіктер соттасып жүріп, ақыры тіпті кешендегі басқа 60 үлескердің де үйін меншіктеп алыпты.

Фариза Тасшабаева, үлескер:

- Былай қарасаңыз өз елімізде тұрып, біз Қазақстан Республикасының азаматы болып тұрып, өз елімізде өздеріміздің құқығымызды қорғай алмай жатырмыз. Біз де бұл компания сияқты заңды үлескерміз. Біздің үйімізді бізге қайтарып берсін.

Қалталы үлескерлердің әрбірі құрылыс компаниясына 300 мың доллардан құйған. Кейбірі тіпті мол қаржыға жөндеу жасатып та қойыпты. Енді сот шешімі шыққаннан кейін мұнда аттап баса алмай отыр. Себебі, 80 пәтердің жаңа иесі үйлерді жан-жағынан қоршап қойған.

Қайрат Елубаев, үлескер:

- Салынған район бәрі жақсы. Паркингі бар. Тек қана бізге квартира керек. Қанша жыл күттік. Енді результаты болады деген кезде айырылып қалған бізге де обидно болып тұр.

Мердігер тіпті ресейлік үлескер мекемеге нысанды уақытылы бітірмегені үшін айыппұл төлеуге дайын. Тек өзге үлескерлерге тиесілі 59 пәтерді қайтарса дейді. Соттан да жеңіліп, үлескерлерге де белшеден қарыз болып қалған компания енді кімнен араша сұрарын білмей абдырап отыр.

Марғұлан Шыныбаев, мердігер компания заңгері:

- 80 квартираның ішінде басқа да үлескерлер бар. Біз сотқа көрсеткенбіз басқа да үлескерлерді бар екенін. Яғни сот басқа үлескерлердің құқығын таптай отырып, мына үлескерлерге сот шешімі арқылы бүткіл пәтерлерді бөліп берген.

Барлық пәтерді меншігіне алған ресейлік «Бауленд» компаниясына хабарласу мүмкін болмады. Ал дауға айналған үйлерді салушылар мен сатып алушылар енді биліктен әділдік сұрап отыр. Бірлесіп Жоғарғы сотқа дейін арызданбақшы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін