Еске салайық, жеті жастағы қыз аулада ойнап жүріп, із-түссіз кеткен. Сол күні қасында болған куәгер балалардың айтуынша, оны жасы 30-35-тер шамасындағы түрі еуропалық ер адам ертіп әкеткен.
Жоғалған қызды іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері мен еріктілер тобы қатысты.
Араға бір ай сала Викторияның мүрдесін Рудный қаласының тұрғыны, волонтерлық топ мүшесі Владимир Радченко тауып алды. Баланың мәйіті Рудный-Тобыл тас жолы маңындағы ескі құрылыстан табылды. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері дәл сол жерде бір ай бойы бірнеше рет іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл шаралар еш нәтиже бермеген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қазіргі таңда полицейлердің мұндай салғырттығына аймақ тұрғындары наразылық білдіруде. Олар құқық қорғаушыларды жауапқа тартуды талап еткен хаттарын ішкі істер органының ресми сайтына жазған.
Қостанай облысының ішкі істер департаменті бүгінде ведомствода тиесілі қызметтік тексеру жұмыстары жүргзіліп жатқандығын мәлімдеді. Сондай-ақ аталған істің ақ-қарасын анықтау жұмыстарына тәжірибелі тергеушілер мен оперативті қызметкерлер тартылғанын хабарлады.