«Волонтер атану – уақытыңның бір бөлігін әлеуметтік маңызы бар, біздің өмірімізді жақсартуға бағытталған жобаларға арнау деген сөз. Волонтерлік қызмет ерікті түрде атқарылады. Ол қазіргі заманғы өркениетті адамның, әсіресе, жастардың өмір сүру дағдысына айналған», — дейді С.Алтынбекова.
«Сәбина волонтер болу арқылы Қызыл Жарты Ай қоғамының адамдардың қайғы-қасіретін жеңілдету, азаматтарды ұлтына, нәсіліне, жынысына, діни, саяси көзқарасы мен тіліне қарамай құрметтеу, оларға лайықты көзқарас қалыптастыру бағытындағы негізгі миссиясын қолдап отыр. Сонымен қатар, қозғалыстың ізгілік, әділдік, бекйтараптық, тәуелсіздік, еріктілік, дербестік және әмбебаптық сынды қағидаларын сақтауға дайын екенін білдірді», — делінген қоғам таратқан хабарламада.
С.Алтынбекова әйелдер арасында Тайбэйде өткен Азия чемпионатынан кейін таныла бастады. Спортшы қыздың сырт келбетін жапон анимелеріндегі кейіпкерлерге ұқсатқан азиялық жанкүйерлер қатары молая түсті.
Тайвань, Жапония т.б. елдердің телеарналары С.Алтынбекова туралы репортаждар түсіріп, интернетте ол туралы көптеген роликтер пайда болды. Украинаның ua.tribuna.com, индонезиялық bandung.bisnis.com, испанның publimetro.com порталдары оны «Қазақстанның ең әдемі волейболшы қызы» деп атады.