Жарияланды: 560

Сайлау науқаны басталғаннан бері ҚР Орталық сайлау комиссиясына сайлау заңының талаптарын бұзуға байланысты 200-ге жуық арыз түсті

Сайлау науқаны басталғаннан бері ҚР Орталық сайлау комиссиясына сайлау заңының талаптарын бұзуға байланысты азаматтардан 207 арыз бен мәлімдеме түсті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, олардың 186-сы қаралып, нақты дәйектемелі жауап қайтарылса, қазір 21 арыз қаралу үстінде.

Азаматтардың арызында көбінесе сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сайлау науқанын қаржыландыруға, сондай-ақ, бір жағынан сайлау комиссиялары мен жергілікті атқару органдары тарапынан, екінші жағынан мәслихат депутаттығына кандидаттардың тікелей өздері, олардың сенімді өкілдері мен сайлау штабтарының мүшелері тарапынан сайлау заңын бұзуға байланысты мәселелер қозғалуда. Сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарының барысында "былғанышты" технологиялардың пайдаланылғандығы туралы арыздар саны молая түскен. ҚР Орталық сайлау комиссиясындағылардың атап көрсетуінше, осындай арыздардың басым бөлігі Алматыдан келіп түсуде. Мұнда қалалық мәслихат депутаттығынан үміткерлердің беделін түсіруге бағытталған жасырын үгіт материалдарын тарату оқиғалары тіркеліп отыр. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Бас прокуратура мен ІІМ-не осындай әрекеттер үшін жауап беруге тиісті адамдарды әшкерелеу туралы өтініш білдірді. 12-қыркүйек, жұмада Алматыда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері мен депутаттықтан кандидаттардың қатысуымен қалалық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген мәжілісі өтеді. Отырыс сайлау комиссияларына келіп түскен мәлімдемелер, арыздар мен өтініштерді қарауға, сондай-ақ, ең жиі кездесетін заң бұзушылық әрекеттері мен оларға жол бермеу және зардаптарын жою шаралары туралы мәселелерді талқылауға арналады. 11-қыркүйек күнгі жағдаймен елімізде мәслихат депутаттығынан үміткер ретінде 7197 кандидат тіркелді. Олардың арасында 1690 адам облыстық мәслихатқа, 3553 адам аудандық мәслихаттарға, 1954 адам қалалық мәслихаттарға депутаттықтан кандидат ретінде тіркеуде тұр. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәслихат депутаттарын сайлау 2003-жылдың 20-қыркүйегіне белгіленді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть