Жарияланды: 5600

"Сайрагүл деп құрақ ұшатындай жалдап алған журналисі емеспін": Сәуле ханым Сайрагүлге қатты өкпелі

"Сайрагүл деп құрақ ұшатындай жалдап алған журналисі емеспін": Сәуле ханым Сайрагүлге қатты өкпелі

Сәуле Әбілдаханқызы Сайрагүлмен бірге болған жайттарды баяндап, нүкте қойды. 

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды.

Сәуле ханым Сайрагүлдің жағдайын сұрап, қытайға сатылдың деп ашуына тиіп жиі мазалаған халыққа жауап жазды:

"Сайрагүл Сауытбайдың жайын жиі сұрайсыздар...
"Неғып ол туралы жазбайсың, неғып Қытай туралы жазбайсың, Қытай ақшамен аузыңды жапты ма?" - дейтін сасық ауыздар көп... бір үндемейсің, екі үндемейсің, үшіншісінде "баняға" қамайсың... бәрібір қоймайды ғой - жеті басты аждаһа сияқты ысылдауын қоймайды...
Ал, қайтесің ал, ақшаға қойны-қонышым толып, миллионер боп отырмын. Екі жәшік юанім бар... қытайға сатылдым, ал қайтесің?!.
Кімді жазам, не жазам, онда шаруаларың болмасын. Ешқайсысыңның маған өткізіп қойғандарың жоқ. Ешқайсыңның алдыңда мен мойныма соцміндеттеме алған жоқпын. Ешкімге есеп беруге міндетті емеспін.
Сайрагүлді бостандыққа шығаруға атсалысқаным үшін халықтың иығыма жапқан екі камзолын қызғанып өліп кете жаздадыңдар ғой, сол серікжандарың, сол тақиялы сайтандарың емес пе - "Сәуле Қытайдан жәшік-жәшік ақша алып, Қытайға сатылды" деген. Қытай туралы жазғаннан алған алғысым сол болса, мен неге ол туралы жазуым керек??? Сайрагүл деп күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткізгенімде, түрме, сот залы мен Алматы арасын жол қылғанымда, мен ауруханаға түскенде аяғы жетпей қалған олар "пәтер табуға көмектес деп", ауруханадан шығатын күні келгені адамгершілік пе? Мәселе "ауруханаға көңілімді сұрап келмеді" деп ренжуде емес, мәселе - "сыйға сый, сыраға - бал" дейтін қазақтығымда, "бір атым насыбайдан көңілім қалатын" қазақы адалдығымда... өзгеден де дәл өзімдей ақ көңіл, адал ниет күтетінімде... (Ешкімнен ештеңе күтпеу керектігін енді-енді үйреніп жүрмін)
Онысын қойшы, дәл мен екінші балапанымызды - әпкемнің баласы, Абзалыммен тел өскен Нұрсұлтанымыздан айырылып қан жұтып отырғанда, Сайрагүл мен Уәли тақиялы сайтанмен бірігіп, біз оларды лақтырып кеткендей, халыққа мүсәпір боп көрініп видео жариялағанын қалай қабылдауым керек? 
Түк болмағандай, "Сайрагүл, Сайрагүл" деп құрақ ұшып, оның жалдап алған журналисіндей түк болмағандай жүре беруім керек пе?
Кешіріңіздер, олай екіжүзділікке бара алмаймын...
"Қалған көңіл - шыққан жан..." (Абай)
Мен тәкәппар емеспін, бірақ өз бағамды білетін адаммын. 
Әрине, ол босқын мәртебесін алсын, балалары жаутаңдамасын, анасынан ажырамасын деп тілеймін. Сырттай тілектеспін. Бұрынғыдай құрақ ұша алмайды екем... өзім барынша адал...барынша адалмын, өзгелерден де адалдық күтем, сатқындықты қабылдай алмаймын. Сол жолы, бостандыққа шыққанда олар менің үйімде 4-5 күн тұрып кеткен. (Үйлерінде ремонт жүріп жатқандықтан менің жаныма кеп тұрып жатқан қызым мен немеремді, Сайрагүлдер үшін "үйлеріңе бара қойыңдар" деп жібергенімді айтсай...)

Сол кезде менің үйімнен кетерде Сайрагүл Қажығұмар Шабданұлының "Қылмыс" романын оқи тұруға алған. Үш ай өтті, қайтармай жүрген. Бірнеше рет сұрадым... кеше соңғы сұрағанымда осы жұмаға дейін әкеп беруге уәде берген.

Егер сөзінде тұрып әкеп берсе, сол келгенінде тікелей эфирде өздеріңізбен жүздестіруге болады. Сол кезде жағдайын өздеріңіз сұрап білерсіздер...
Әрі-беріден соң, мен Сайрагүлдің адвокаты емеспін. Оның адвокаты бар, ол туралы шын білгілеріңіз кеп жандарыңыз ашып бара жатса, Абзалдан сұраңыздар.
"Сәуле, ренжімеші" деп, қателігін түсініп кеп жатса, әңгіме жоқ... ал олай істей алмаса, алланың алдында да, адамның алдында да менің арым таза!
Гәп тәмам".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть