«Самұрық-Қазына» қоры 2017-2019 жылдары «Халықтық IPO» бағдарламасына 5 компанияны шығарады
![]() |
«Самұрық-Қазына» Қоры 2017-2019 жылдары «Халықтық IPO» бағдарламасына 5 компанияны шығаруды жоспарлайды. |
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары аясында «Bloomberg» агенттігіне берген сұхбатында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даурен Ердебай мәлім етті.
Қор басқарма төрағасы орынбасарының ақпараты бойынша «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚазАтомөнеркәсіп» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Самұрық-Энеро» АҚ және «Тау-Кен Самұрық» АҚ акцияларының үлесін шығару жоспарланады. «Бұл - аса амбициялы бағдарлама. Инвесторлар бұған үлкен қызығушылық танытады», -деп атап өткен Д.Ердебай.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» Қоры да «Қазақтелеком» АҚ «26% минус бір акция» мөлшеріндегі акцияларын қайтара орналастыру мүмкіндігін қарастыруда, «Air Astana» әуе компаниясының да акциялар пакеті шығарылмақ.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары аясында Қазақстан-Британ іскерлік кеңесінің отырысы өткен болатын. Бизнес-форум қорытындылары бойынша «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялар тобы жалпы сомасы 3 млрд доллар құрайтын келісімшарттарға қол қойды.
Атап айтқанда, «Самұрық-Энерго» АҚ ЕҚҚДБ арасында Шардара СЭС жаңғыртуды қаржыландыруға шамамен 51,4 млн доллар бөлу туралы келісім жасады. «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС «United Green Group» компаниясымен Жамбыл облысындағы «Боранды» күн электр станциясының қуатын 50 МВт тан 100 МВт-қа дейін кеңейту жөніндегі келісімдер жасады.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Vitol» компаниялар тобы арасында Қазақстанның аумағындағы геологиялық әлеуеттерді бірлесе зерттеу туралы меморандум жасалды. «Интергазстрой» АҚ мен «William Hare Limited» Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кен орны айналасынан өндірістік кластерлер құру туралы келісімге келді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін