Жарияланды: 160

Сарапшы: Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесіне айналып келеді

Сарапшы: Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесіне айналып келеді

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Анастасия Решетняк Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапары және Қазақстан мен АҚШ арасында қол қойылған келісімшарттарға қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.

«Қос мемлекет 2,5 млрд доллардың келісімшартына қол қойды. Сонымен қатар, 5 млрд доллардың келісімшартына қол қою жоспарланып отыр. Аталған келісімшарттар энергетика саласына қатысты. Оған АҚШ та қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан үшін АҚШ-пен тығыз байланыс орнату жаңғырту саласы үшін де маңызды. Біз үшін мұндағы өзекті келісімшарттар Боинг ұшақтарын жеткізуге, электровоздарды жаңартуға әрі жаңа технологиялар арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты», - деді ғылыми қызметкер.

Анастасия Решетняктың айтуынша, Қазақстан АҚШ-тың тұрақты серіктесіне айналуда.

«АҚШ үшін Қазақстанмен тұрақты байланыс орнату маңызды. Американың стратегиялық құжаттарына назар аударайық. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында жариялаған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Оңтүстік және Орталық Азияның өңірінде шешілмеген мәселелер бар екенін аңғаруға болады. Бұл - үнді-пәкістан арасындағы конфликт әрі Пәкістанның ішіндегі проблемалар және Ауғанстанды қалпына келтіру, терроризмен күрес мәселелері. Осы орайда Қазақстан Америка үшін маңызды, сенімді әрі тұрақты серіктесіне айналуда», - деді ол.

Сондай-ақ, ғылыми қызметкер еліміз АҚШ-тың Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеп, ондағы инфрақұрылымды қалпына келтіру бастамасына қолдау білдіріп отырғанын жеткізді.

«Осы жерде қазақ елінің Ауғанстанға көрсеткен көмегін, ауғанстандық студенттерге берген көптеген білім гранттарын айта кеткен жөн. Екінші жағынан, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ мемлекетіміздің ядролық қарусыздандыру бастамасына қолдау білдіріп келеді, - деді Анастасия Решетняк.

Сөз соңында сарапшы Қазақстан бүгінгі таңда Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты қайта жандандыру бастамасына қолдау білдіріп отырғанын жеткізді.

«Қауіпсіздік кеңесінде әрі біздің президентіміз Дональд Трамппен сөйлескен кезде Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас күрделі жағдайда екенін айтты. Аталған қос ел де еліміздің серіктесі болып саналады. Сондықтан бізге аталған мемлекеттермен тұрақты байланысты сақтап тұру маңызды», - деп түйіндеді сөзін Анастасия Решетняк.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін