Жарияланды: 980

Сарыөзек әскери бөлімінен әбден әлі құрып келген сарбаз Алматы госпиталінде көз жұмды

Тағы бір сарбаз әскерден оралмайды. Алматы облысы Сарыөзектегі 12-740 әскери бөліміне көктемде келген Саят Баймұратов бүгін Алматыдағы әскери госпитальде көз жұмды. 20 жасар жігіт колледжді бітіре салысымен21 сәуірде әскерге аттанған. Мұрнына жара шыққан оны Сарыөзектегі дәрігерлер емдемек боп денесіне пышақ тигізген. Артынан асқыныпдереу қалаға жеткізілген азамат кеше түнде тіл тартпай кетті. Сарбаздың ата-анасы қазаға "дәрігерлер кінәлі" деп санайды.

Биыл 21 сәуірде оқуын тәмамдай салысымен сарбаз болам деп кеткен Саяттың тағдыры осылай. Госпиталь алдын жағалап, жанарларын жас шылаған жандар жанын қоярға жер таппай жүр. 29 мамырда Саяттың ант қабылдау рәсіміне келіп кеткен. Сарыөзектегі 12-740 әскери бөліміне қабылданған жас сарбаздан содан бері тілдей хат та келмепті. 20 маусымда 20 жасқа жеткен еді.

Бәтима Баймұратова, Саяттың анасы:

- Кеше балапанымды дәрігерде жатқасын көруге келіп едім. Көре алмай қалдым. Бір ай бойы хабар алғам жоқ.  20-сы күні туған күні болатын...баламызды өлтіру үшін жібердік пе?! Балапаным!

Баласы қайтып, ботадай боздаған ананың жүрегі қысылды. Сарбаздың танауына шыққан жараны Сарыөзекте тілген, 18 маусымда, бірақ арада  үш күн өткенде Саяттың хәлі нашарлаған. Бір жетіден соң ата-ана «ұлыңыз өлім аузында» деген хабар алған. Бірақ,  құлынын құшағына баса алмады.

Бәтима Баймұратова, Саяттың анасы:

- Бөліміне  телефон соғып хабарласа алмайсың, не жауап ала алмайсың!  Түрмеге жіберген жоқ едік қойбаламызды! Мыналар неге жауап бермейді?!  Сарыөзекте  жарасына операция жасаған хирургі жауап берсін,  солдаттың анасының алдында!  Баламның мұрнына  операция жасап,  бөліміне қоя берген дейді. Бұл сұмдық қой!

Әскери госпитальдан сарбаздың денесі көлікпен әкетілді. Жігіттің денесі Алматыдан 1500 шақырым қашықтықтағы туған жері – Ақсуға жетуі тиіс.

 Самат Баймұратов, Саяттың әкесі:

- Машина жіберіпті, Сарыөзектен Алматыға «Камазбен алып кетіңдер» деп. Әскери бөлімнің  командирі  маған айқайлады, «Камаз жібердім!» деп.

Әскери госпиталь  мамандары Саяттың мұнда әбден әлі құрып жеткізілгенін айтады. Сарбаздың сырқаты өлімге әкелері белгілі болған.

Руслан Кочекаев, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери госпиталі бастығының медицина ісі жөніндегі орынбасары:

- Сарбаз мұнда өте ауыр хәлде түсті. Мұрнындағы жара асқынған, іріңдепмиға кеткен. Қаны ұйып, барлық дене мүшелері қабынған.

Саят Баймұратовты өлімші хәлге  жеткізіп, танауындағы жарасын тілген ақ халаттылар айыбын өтер ме, белгісіз.  Жігіт түнгі сағат 12.10-да көз жұмыпты. Бірақ ата-анасына қаралы хабар таң алакеуімде - 5 жарымда естіртілген. Бүгін қызыліңірде сарбаздың денесі туған жеріне аттанады. «Армандары көп еді» -дейді анасы.  

- «Мама, мен келген соң бірдеңе ашам, таксист болам,  заңгер болам»дейтін,айтпайтыны жоқ еді ғой.  «Мама, мен жұмыс істеп, сені асыраймын, жұмыс істемеші, мама» - дейтін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін