Қала орталығында тұрған мына автобус қазір монша ретінде қолданылып жүр. Оның иесі Ерлан Әбділов көлігін тастауға қимай, қажетіне жаратыпты. Осылайша ескі автобустың ішіне булайтын бөлме, душ, демалыс орны, тіпті дәретхананы да сыйғызып жіберген. Ал пешті ағаш жағып қыздырады. Клиенттердің шақырған жеріне әп-сәтте жетіп баратын жылжымалы монша 20 минутта қызып шыға келеді. Ішіндегі 700 литр су 6 адамға артығымен жетеді екен. Қызмет істегеніне біраз ғана болса да, демалыс күндері ерекше моншаға түсуге құмартқандардың қарасы көп.
Ерлан Әбділов, Семей қаласының тұрғыны:
-Бұған дейін демалған адамдар моншаны қала сыртына шақыруға бола ма деп сұрайды. Мен кез- келген жерге баруға әзірмін. Бұл моншаның ерекшелігі сонда емес пе. Егер клиенттер көбейсе, екінші автобусты сатып алып, іске жаратармын. Бағасы екі мың теңге.