Жарияланды: 750

Семейде Ертіс өзенінің түбі арқылы өтетін канализациялық дюкерді тарту жұмысы қайтадан жанданды

Семейде Ертіс өзенінің түбі арқылы өтетін канализациялық арнаны (дюкерді) тарту жұмысы қайтадан жанданды. Бұл туралы Ертістің үстінен көпір салу дирекциясының бас директоры Тұрархан Тәттібеков KZ-today тілшісіне хабарлады.

Оның айтуынша, дюкерді салу жұмыстары осыдан 1 жарым жыл бұрын тоқтатылып, бұзылуға жол бермеу үшін туннельдің өзі су астына жіберілген болатын. Жұмыстарды доғаруға қаржы тапшылығы себепкер болған. Өйткені, көпір және онымен жалғасатын жолдармен қоса канализациялық арнаны да қамтыған жалпы жоба құны белгіленген шектеулі мөлшерден асып кеткен көрінеді. Мәжіліс депутаты Ержан Рахметовтың 2002-жылғы өтініші бойынша дюкерді салып бітіру мақсатына арнап 2003-жылғы республикалық бюджетте 193 млн. 200 мың теңге қарастырылған болатын. 2003-жылдың қаңтарында бұл қаржы Семейге аударылды. Алайда Е.Рахметовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жанданбай жарты жылға кешеуілдеп қалған. Мұның себебін Ертістегі көпірді салу жұмыстарының бас мердігері болып табылатын Жапонияның IHI компаниясы биылғы жыл басында өз басшылықтарының өзгеруімен байланыстырып түсіндірген көрінеді. Т.Тәттібековтың айтуынша, қазіргі жағдаймен туннельдегі судың басым бөлігі сорғызылып, негізгі өткелек аяқталып, өңдеу жұмыстары атқарылған. Ендігі жерде құбыр тарту, шахталық қондырғыларды салу және бетон құю жұмыстары қалып отыр. Е.Рахметовтың пікірінше, дюкер құрылысының салынуы тек Семей қаласының тұрғындары үшін ғана емес осы өңір тұрғындары үшін бірдей маңызды. Өйткені, Семей қаласы күн сайын Ертістің бір жағалауынан екіншісіне шамамен 100 мың текше метр ағызынды су тастайды. Егер дюкер бұзылса, Ертістің төменгі сағасында жатқан елді мекендер түгел зардап шегетіні белгілі. Т.Тәттібековтың хабарлауынша, дюкерді тарту жұмысын Жапондық компания биылғы жыл соңына дейін бітіруге тиіс. Жапония жағы бөлінген қаржы өз міндеттемесін орындауға жеткілікті деп сендіруде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть