Семейде коммуналшылардың кесірінен тентіреп қалған жұрт шу шығарды
Семей жұртшылығы коммуналшылардың шалағайлығына қайран қалып отыр. Олардың емхана мен мектепке қатынайтын жалғыз жолын бір жыл бұрын қазып тастаған екен. Алайда, арық жасаймыз деген атқамінерлер бастаған ісін аяғына дейін жеткізбек түгілі, сол күйі төбе көрсетпеген. Енді бала-шағаның алды екі метрге жуық жыраға құлап, мертіге бастапты. |
Жалғыз сүрлеуде қопарылып жатқан жыраға құлап жарақат алғандардың бірі – Нұрәлі. 6 жасар мектеп оқушысы тайып кетіп, орға оңбай түскен екен. Содан аяғы күптей боп ісіп кетіпті.
Татьяна Манабаева, Семей қаласының тұрғыны:
-Сабаққа бармағанына 15 күн болды. Осы жолдың кесірінен. Ол мектепке бара жатып шұңқырға түсіп кетті. Содан аяғы ісіп, баса алмай отыр. Сүйегі сынбағандықтан үйде өзіміз емдеп жатырмыз.
Бұл аймақ сазды болғандықтан жергілікті билік су ағарлар орнатуға шешім қабылдапты. Тереңдігін адамның бойындай қылып қазғанымен, жұмыстары тұралап қалған. Енді, жалғыз соқпақ жолынан айырылған қараша халықтың жүріп-тұруы қиынға соғуда.
Ал жаңбырлы күндері толарсақтан келетін лай кешуге мәжбүр. Тұрғындар мәселенің мәнісін айтып коммуналдық мекеме басшылығына хат та жолдап көрген. Олар да жазбаша тіл қатыпты. Берген жауаптарында елді тірелген тығырықтан шығарамыз деп сендірген.Алайда шенеуніктер уәдені үйіп-төккенімен бір айдан астам уақыт өтсе де, ат ізін салмаған.
Біз де мәселенің мәнісін анықтау үшін коммуналдық мекемеге қанша хабарласқанымызбен, тілдесуге ешкім құлық танытпады. Сондықтан жұрттың өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз еткеннен басқа амалдары жоқ сыңайлы.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін