Жарияланды: 1200

Семейде өңірдегі қоршаған ортаны қорғау проблемалары талқыланды

Бүгін, 25-наурызда Семей қаласында "Семей өңіріндегі қоршаған орта проблемалары" тақырыбына арналған мәжіліс болып өтті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне аймақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Болат Әкімбеков хабарлады.

Жиында аймақта өткір тұрған экологиялық мәселелермен қатар ядролық сынақ полигонының қазіргі жағдайына баса назар аударылды. Полигон территориясының 54 пайызы Семей аймағына қатысты жерді алып жатыр. Ядролық сынақтар жүргізілген жердің қаншалықты зияндылығы барын әзірге ешкім айта алмайды. Қазірге дейін полигон жерінде мал бағып, өмір сүріп жатқандар бар. Полигон аймағын сауықтыруға арналған БҰҰ сарапшылары бекіткен 7 млн. 800 мың долларға есептелген 6 жобаның бүгінге дейін біреуі ғана жүзге асырылды. Тендерді жеңіп алған Ұлыбританияның "Мушел" компаниясы 2003 жылдан бері полигон жерін зерттеп жатыр. Мәжіліс барысында Ертіс өзені арқылы өтетін канализациялық дюкердің апатты жағдайда тұрғандығы тұрғысында да әңгіме қозғалды. Дюкерді бекітіп отыруға жыл сайын 4 млн теңге қаржы жұмсалады екен. "Жыл сайын Семейдің атмосферасы 27 мың тонна өндірістік қалдықтармен ластанады. Оның 16 мың тоннасы қаладағы жылу қазандықтарының үлесінде. Жылу қазандықтарының газ тазарту және технологиялық құрылғылары тозған. Бұл мәселе қаланы жылумен қамтамасыз ету схемасына сай жаңадан ТЭЦ-3 кәсіпорнын іске қосумен ғана шешіледі" деді Б.Әкімбеков. Оның айтуына қарағанда, Семейде соңғы 10-15 жыл ішінде ескі ағаштарды жас көшеттермен ауыстыру қолға алынған жоқ. Қаладағы талдардың 30-40 проценті жаңалап отырғызуды қажет етеді. Мәжіліс соңында үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен Семей өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешуге атсалысатын экологиялық үйлестіру кеңесін құру жайында шешім қабылданды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін