Семейде жолақысының 25 пайызға қымбаттауы жұрттың наразылығын тудырды
Семейде қоғамдық көліктердегі жолақы 60 теңгеден 75-ке бір-ақ көтерілді. Бұл тұрғындардың ғана емес, жергілікті биліктің де наразылығын тудырып отыр. Өйткені жолаушы тасымалымен айналысатын компания қожайындары осы шешімді ешкіммен келіспей-ақ қабылдапты. Әрі олар жол жүру билетінің құнын 100 теңгеге көтерсек те еркіміз деп міз бақтырар емес. |
Қымбатшылықтың қыспағында қалған жұртты жолақының бір-ақ күнде 75 теңге болғаны одан әрі есеңгіретіп тастады. Осылайша, шағын қаладағы жол жүру құны Астана мен Алматыныкімен теңесуге аз қалды.
Тайтөлеу Әкімбекқызы, Семей қаласының тұрғыны:
-Семей қаласында көп жұмыс орны жоқ. Сондықтан бізге ауырлау тиеді. Менің ойымша, Өскемен, Астана қалаларында көтеруге болады. Бірақ, Семей үшін өте қиын.
Бақыт Мыңбаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Өздерінің қарындары тоқ. Ойлайды өзіміз тойып жатқаннан кейін елдер де 75 теңгені тауып береді деп. Мысалы, біз ол ақшаны әрең табамыз.
Автопарк иелері жергілікті биліктің келісімінсіз-ақ жол жүру құнына 15 теңгені қосыпты. Ал жұртқа айтатын жаттанды уәждері дайын. Тоз-тозы шыққан жолдың кесірінен қоғамдық көліктері жиі істен шығады екен. Оған қажет құрал-жабдық бағасы шарықтап кеткен.
Николай Чнегов, автопарк заңгері:
-2013 жылы 17 маусымда байқау өткенде еркін тарифке өтініш жасағанбыз. Оның көлемі 100 теңге. Сондықтан бұл тарифтің аясында біздің жолақыны өзгертуге қатысты кез-келген әрекетіміз негізді және заңды деп санаймыз.
Жолақысы қымбаттайтыны жайлы автопарк иелері бір ай бұрын қоғамдық көліктерде хабарландыру іліпті. Бірақ шенеуніктер «жолаушы тасымалымен айналысатындар тарифті әкімдіктің келісімінсіз көтерді» деп отыр.
Айдар Садырбаев, Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
-Егер, әкімшілік тарапынан қандай да бір нормативтік құқықтық актының болмауы орын алып жатқан жағдайда, тасымалдаушылар тарапынан жасалған әрекетке мойын сұнбау керек. Ұсынылған бағасын төлеу заңға қайшы. Сондықтан тұрғындар төлемеу әрекетін қабылдауға болады.
Шенеуніктерді қапы қалдырып, жұртты естен тандырған бағаға қатысты прокуратура тексеріс бастады. Енді , олар автопарк тарапынан заңның бұзылғаны анықталса жауапқа тартпақ ниетте. Ал қоғамдық көлік қожайындары қандай шара қолданса да қалықтаған бағадан мүлт кетпейміз деп отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін