Семейде жұрт балабақша құрылысына жаппай қарсы шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+10 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейде жұрт балабақша құрылысына жаппай  қарсы шықты

Семейде жұрт балабақша құрылысына жаппай қарсы шықты

Семейде жұрт балабақша құрылысына қарсы шықты. Тұрғын  үйдің төменгі қабатында басталған жұмыстар ғимаратқа қауіп төндіріп тұр. Іштегі қабырғалар оңды-солды бұзылып жатқандықтан, баспаналары қирап қалады ма деп алаңдайды пәтер иелері. Жұрт құзырлы орындардың барлығына дерлік арызданса да, кәсіпкерге ешбірі шаң жуытар емес.

  • 20 Маусым 2015
  • 494
Фото - Caravan.kz

Бес қабатты мына үйдің астыңғы бөлігінде әр кездері дүкен, наубайхана болып, ақыры жабылып тынған. Арада біраз уақыт өткен соң төменгі қабатта жұмыс қайта қызды. Тұрғындар бұл жерде балабақша ашылатынын естіген. Бастапқыда қуанғанымен, қабырғаларды қиратып жатқанын көріп, шу шығарды.

Бибігүл Тоқтиева, Семей қаласының тұрғыны:

— Қабырғаның  бәрі тырсылдайды. Бәрі бұзылады. Ол кісі ешкіммен сөйлеспейді.

Балабақша болған соң оның айналасына қоршау қойылмақ. Егер ол орнатылса, маңындағы жер үйлерге апарар жалғыз жол жабылуы мүмкін. Сондықтан сол баспана иелері де кәсіпкерге қарсы шығып отыр.

Айбар Қошаев, Семей қаласының тұрғыны:

-Бізге өрт сөндіруші көлігі  келе алмайды. Екі жақтан екі жол бар. Жолымызды жауып жатыр.

Компания өкілдері болса, барлық тиісті құжаттарым қолымызда дейді. Ғимаратқа қауіп төндірер ешбір әрекет жасалмағанын айтып азар да безер. Ал жолды бітеген тұрғындардың өздері деуде.


Нұрлан Қантаев, құрылыс компаниясының заңгері:

— Құжаттардың барлығы алдын ала реттелген. Құрылысқа қарсы келер мін табылмаған болатын. Бұл жерде балаларға арналған мекеме болады. Оған осы үйдің де адамдары бүлдіршіндерін әкеледі ғой.

Алайда бұған көнер тұрғындар жоқ. Қол жинап прокуратураға хат әзірлеуде. Бір айтары, бұл мекемені құзырлы орган өкілдері тексеріп үлгеріпті. Олар да кінәрат таппаған екен.