Семейде жүзден астам жұмыскер тоғыз ай бойы жалақы алмаған - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейде жүзден астам жұмыскер тоғыз ай бойы жалақы алмаған

Семейде жүзден астам жұмыскер тоғыз ай бойы жалақы алмаған

«Біздің жалақымыз қайда?».

  • 23 Қаңтар 2019
  • 38
Фото - Caravan.kz

Семейде тоғыз айдан бері еңбекақысын ала алмай жүрген жүзден астам адам бас көтерді. Шығыс өңіріндегі теңдесі жоқ «Қазэлектромонтаж-С» компаниясының жұмысшылары басшылықтың құр уәдесіне әбден тойғандарын айтты. Кәсіпорынның өз қызметкерлеріне қатысты әрекеті сотта заңсыз деп танылып, жалақыны өтеу талабы қойылған. Бірақ, жауапты тұлғалардың асығатын түрі жоқ көрінеді. Сонымен, тоғыз айдан бері жинақталып қалған 57 млн теңге қашан беріледі?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Шыдамы шегіне жетіп, төзімі таусылған жандардың жанайқайы бір. Жалақысын жылға жуық ала алмай, жандары қысылған жұмысшылардың кейбірі еңбекақысын алудан үмітті болса, енді бірі қызмет орнын ауыстырған. Компанияда еңбек еткендердің алажақ ақшаларының көлемі де әртүрлі. 

«Январьдың 15-нен кейін береді деген. Жұмыс жоқ қазір. Бала-шағаны асырау үшін жүрміз бәріміз. Жұмыстан шығып кетейік десек, әйтеуір бір жерде істегесін, үміттеніп жүрміз ғой. Маған өзі 900 мың қарыз» — дейді «Қазэлектромонтаж-С» АҚ компаниясының жұмысшысы Сәкім Ермеков.

"ҚазЭлектромонтаж-С" компаниясындағылардың сөзінше, жалақыны өндіру бойынша соттың шешімі де бар. Өткен жылдың қарашасында заңды күшіне енген үкімнен соң үміттері оянған семейліктер, өздеріне тиесілі ақшаның әлі күнге дейін неге берілмегеніне аң-таң. 

«Проблеманың неден екенін білмеймін. Жалақыны бүгін-ертең береміз деп бізді әбден қажытты. Соттың шешімі де бар. Мәселемізді барлық құзырлы органдарға жеткіздік. Бірақ нәтижесі нөл. Компания маған 539 мың теңге берешек. Менің балаларым жоқ, ал отбасы бар адамдар қалай өмір сүріп жатқанын елестете алмаймын!» — дейді «Қазэлектромонтаж-С» АҚ компаниясының бригадирі Радик Насыров.

"ҚазЭлектромонтаж-С" акционерлік қоғамының қазір барлық есеп-шоты бұғатталған. Бұған себеп, компанияның бас мердігері "ISIS Инжиниринг" кәсіпорны "ҚазЭлектромонтаж" компаниясының "Ақтоғай" тау-кен байыту комбинатында атқарған жұмыстарына ақша төлей алмай, шығынға ұшыраған. Бас мердігер кәсіпорын акционерлік қоғамға 600 миллион теңге берешек болып, экономикалық сотта да жеңіліс тапқан. 

«Экономикалық сотта жеңсек те, компаниямызды банкрот деп тани алмадық. Соның кесірінен, жұмысшыларымыздың, өзімізге қарасты кішігірім компанияларға жалақы төлей алмадық. Уақыт өте келе, салық органдары есеп-шоттарымызды бұғаттай бастады. Мемлекеттік тендерге де қатыса алмай, қаражат тапшылығына тап болдық. Қазір біз 115 жұмысшыға 57 миллион теңге қарызбыз» — дейді «Қазэлектромонтаж-С» АҚ компаниясының директоры Эльдар Байканов.



Алайда, компания жұмысшыларын жалақысыз қалдырмақ емес. Басшылық еңбекақыларды өтеу бойынша нақты уақытты белгілеп, қарыздарынан құтылмақ ниетте. Тіпті, инвестор да тауып қойыпты. 

«Инвестор таптық. 11 ақпанға дейін жалақының 50 пайызын өтейміз. Ал 22 наурызға дейін борышымыздың 100 пайыз жабамыз» — дейді «Қазэлектромонтаж-С» АҚ компаниясының директоры Эльдар Байканов.

Жанайқайын журналистерге жеткізіп, жалақы мәселесін біржақты етуге жиылған жұрт тағы да тым-тырыс тарасты. Тілшілердің алдында жалақы өтеу тәртібін тәптіштеп түсіндірген басшылықтың сөзіне иланған жұмысшылар, таусылған төзімдерін тағы ширап, көктемге дейін күте тұруға келісті. 

Соңғы жаңалықтар