Сенаторлар 20-мамыр бейсенбіде Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзету саласындағы ынтымақтастық туралы шартты және әскери қауіп төндірмеу туралы Қытай Халық Республикасының Үкіметімен арадағы келісімді, сол сияқты Халықаралық қайта құру және даму банкімен арадағы «Ауыл шаруашылығын жекешелендіруден кейінгі қолдау» жобасының екінші кезеңін дайындауға грант бөлу туралы келісім-хатты бекітуге бағытталған заң жобаларын қарайды деп күтілуде. Бұрын талқыланған «ЖҚТБ ауыруының алдын алу туралы» заң жобасын қабылдауға байланысты туындаған Мәжіліспен арадағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының құрамына сенат депутаттарын сайлау да осы жолғы отырыстың еншісінде.
Сенат бюросы 26-28 мамыр күндері Астанада өтетін Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықтың Парламентаралық Ассамблеясының бесінші жалпы отырысының бағдарламасын бекітті. Сенат аппаратына, парламенттің шаруашылық басқармасына тиісті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесе отырып көзделген шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.