Жарияланды: 440

Сенатор Ғ. Есім бірқатар қалалардағы педагогикалық институттардың мәртебесін көтеруді ұсынады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Ғарифолла Есім еліміздегі педагог мамандарының тапшылыған байланысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Сенатор Ғарифолла Есім осыдан екі жыл бұрын Арқалық, Семей, Тараз, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе педагогикалық институттарына университет мәртебесін беруді көтерген еді. Бүгінгі Үкімет басшысының атына жолданған сауалда да депутат осы мәселеге айналып соқты. «Елбасының 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагог мәртебесін көтеру мәселесі жан-жақты айтылған. Педагог мәртебесін көтеру мәселесі педагогтарды жоғары оқу орындарында даярлаумен тікелей байланысты. Педагогтар университеттік дәрежедегі оқу орындарында даярлануы заман талабы. Мұндай үрдіс елімізде бар. Айталық, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті. Неліктен аймақтардағы педагог даярлайтын оқу орындары осындай деңгейге көтерілмей отыр?», - дейді Ғ. Есім. Сонымен қатар, сенатор білім бағдарламасына тоқтала келе, онда 2015 жылдан бастап 12 жылдық оқу үрдісіне көшу көзделгенін, осының өзі педагогтар даярлау мәселесін жаңа сапалық деңгейге көтеруді қажет ететінін атап өтті. «Бүгінгі таңда жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-ден асқан. Жыл сайынғы жас кадрлардың педагог мамандығы бойынша жұмысқа келуі 2,6 пайызды құрап отыр. Бұл еліміздегі педагогикалық мамандықтың мәртебесіне қызығушылықтың бәсеңдігін көрсетеді. Білімді педагог дайындау бұл болашаққа деген инвестиция. Сондықтан жоғарыда аталған педагогикалық институттарды университет деңгейіне көтерудің мүмкіндіктерін қарастыруыңызды ұсынамын», - деді Ғ. Есім.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін