Светлана Жалмағамбетова, Сенат депутаты:
— Жарқайың ауданын мысалға алайын, онда 20 пошташы жұмыс істейді. Солардың бәрі бірігіп 5 жарым-ақ ставка алады. Сондықтан Үкімет осы мәселеге қарау керек. Мен басқа кісілердің қалтасына қараудан аулақпын.Бірақ, әкімшілік басшыларға жұмсайтын қаржы және төменгі жұмыс істейтін, үлкен мәселені шешетін адамдардың жалақысының айырмашылығы өте жоғары болмау керек.
Осылайша, Светлана Жалмағамбетова «Қазпошта» басшыларының былығын әшкерелеп берді. Топ-менеджерлер ай сайын 1 жарым миллион жалақы алып шалқып жүргенде, аудан ауылдағы пошташының жағдайы мүшкіл. Қара жұмыстың барлығы мойындарында болғанымен, облыс пен Астанада отырған басшыларынан жүз есе аз еңбекақы алып келіпті. Пошта қызметкерінің айлығын айтпағанда ғимараттары да ескіріп кеткен. Ал жұртқа зейнетақы, жәрдемақы, жалақыларын пошта арқылы таратқан қызметтері үшін «Қазпошта» жылына 5 жарым млрд теңге пайда табады екен. Алайда, бұл қаржының өзін аздық көрген шенеуніктер пошта қызметінің бағасын тағы 2 есеге қымбаттатпақ.