Сенаторлар тәртіп сақшыларына араша түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенаторлар тәртіп сақшыларына араша түсті

Сенаторлар тәртіп сақшыларына араша түсті

Сенаторлар көшеде кім көрінгеннен таяқ жеп көзі көгеріп жүрген полицейлерге араша түсті. Енді пагоны жыртылып тіпті келіншектерге дейін төмпештеп тастайтын тәртіп сақшыларына сес көрсетіндердің жазасы ұлғаюы мүмкін. Сонымен қатар бүгін Сенат соғыс бола қалған жағдайда шұғыл әрекет етуі тиіс мемлекеттік мекемелердің дайындығы туралы құжатты бекітпей тастады. Соғыс пен полицейлердің қорғансыздығы туралы  Жәудір Оразхан айтып берсін.

  • 18 Қыркүйек 2015
  • 295
Фото - Caravan.kz

Ерболат Досаев бүгін Сенатқа алып келген заң жобасында ел басына күн туып, соғыс бола қалған жағдайда абдырап қалмаудың амалдары жазылған. Жұмылдыру дайындығы туралы құжат әр облыс әкіміне жеке-жеке міндеттер жүктейді. Яғни, қажетті қару-жарақ, астық, ет, азық-түліктің қай аймақтан қанша мөлшерде келетіні дейін алдын ала белгілі.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

— Ұйымдардың жұмылдыру, соғыс жағдайы мен соғыс уақытында мемлекеттік қорғаныс мүддесінде мемлекеттік тапсырмалар мен тапсырыстардан бас тартуға құқығы жоқ.

Қажетті тауарларды жеткізу мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жүзеге асады екен. Мәжіліс мақұлдаған бұл құжатқа сенаторлар өзгерту енгізіп, төменгі палатаға кері қайтарды. Сөйтті де, соңғы кезде басынан дау арылмай жүрген тәртіп сақшыларына араша түсті.

Халық қалаулыларының айтуынша, қазір адамға қорған болуы тиіс  полицейлердің өзі қорғансыз. Қадірі кетіп әркімнен таяқ жеп жүр. Сондықтан, полицейлермен төбелесіп пагонын жұлатындарға жазаны күшейтейік дейді. Заң бойынша, билік өкіліне тіл тигізген, жұдырық сілтегендерге 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Бекназаров мұны тағы ұлғайтуды ұсынып отыр.

Бектас Бекназаров, Сенат депутаты:

— Көшеде көрінген әйелдің тепкісінде қалып, пагоны жұлынып, жағасы жыртылып жатқан полиция қызметкерелері заңның үстемдігіне қандай қорған болмақ?!

Бір қызығы көшедегі тентеккке әлі келмейтін сақшыларды мүсіркеген   сенаторлардың өздері билікке сөзін өткізе алмай жүр. Бүгін олар тікелей премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалдарына мардымды жауап ала алмаймыз деп күйінді. Үкімет басшысына жазған хаттары бірнеше кеңсені аралап, соңында премьердің атынан түсініксіз, сырғытпа жауап келеді екен.


Дулат Құсдәулетов, Сенат депутаты:

— Мен соңғы рет Үкіметке  бүкіл депутаттақ сауалдарды сараптап, кем-кетігін көрсетіп хат жолдағанмын. Бірақ, «мұның бәрі шындыққа жанаспайды, түгел дұрыс емес» деген жауап алдым. Оған Кәрім Қажымқанұлы қол қойған.

Әрине, ол хаттарға жауапты Мәсімовтің өзі емес, кеңсесінің әзірлейтіні белгілі. Енді әбден көңілі қалған сенаторлар түйткілге толы сайлаушыларының хатын тікелей министрлердің өзіне жолдамақ. Ең жоғары заң шығарушы орган Үкіметтен жарытып жауап ала алмай отырғанда, қарапайым халықтың арызы Есілдің сол жағалауындағы еңселі кеңселерде шаң басып жатқанына депутаттар күмән келтірмейді.

Соңғы жаңалықтар