Жарияланды: 590

“Шахтер” мен “Ертіс” ерледі!

Қарағандының “Шахтері” мен Павлодардың “Ертісі” ерледі. Еуропа лигасының іріктеу раундында бақтарын сынаған қос клуб та екі матч қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Павлодарлықтар Польшаның “Ягеллониясымен” кездесуде 1-таймда-ақ бәрін шешіп қойды. Гол соққан Мамута Кулибали, Глеб Мальцев, есеп- 2:0. Ал  Қарағандыда тіркелген есеп - 2:1.

Виктор Кумыков, “Шахтер” ФК бас бапкері:

- Келесі айналымға өту үшін қарсыласқа тең есеп те жеткілікті еді. Ал бізге тек жеңіс керек болды. Аяқдопшыларға алғысым шексіз, олар жігер таныта білді. Бұл матч біздің команда үшін Еурододадағы керемет тәжірибе болды.

 Словенияның “Коперін” қабылдаған алаң иелері ойынды жақсы қарқынмен бастағанына қарамастан, гол жіберіп алды. 32-минуттта Милан Остерцтің тулатқан добын Александр Мокин қайтара алмады. Алайда үзілістің алдында “кеншілер” есепті теңестіре білді. Жақында ғана “Астанадан” ауысып келген Ұлан Қонысбаев өз шеберлігін танытты. Келесі таймда да жерлестеріміз қарқынды тежемеді. Жамбыл Көкеев, Сергей Хижниченконың мүмкіндіктері болған, алайда қарсыластың қорғанысы қамалдай тұрды. Дегенмен 82-минутта қарағандылықтар жеңіс тойын тойлады. Гол авторы тағы да- Ұлан Қонысбаев. Еуропа лигасының 2-іріктеу раундында “Шахтердің” қарсыласы Ирландияның “Сент-Патрик Атлетикс” клубы болмақ. 

 “Дэвис кубогының” төрттен бірінші финалында Аргентина құрамасымен кездесуді жерлестеріміз сәтсіз бастады.

Хуан Монако мен Андрей Голубев матчында еліміздің  бірінші  ракеткасы    дәрменсіз болды. Корт қожайыны 6:3, 6:0, 6:4 есебімен таза жеңіске қол жеткізді. Хуан Мартин Дель Потромен жолы түйіскен Михаил Кукушкин де үміт қалдырмады. Есеп - 6:2, 6:1, 6:2. Бүгін Буэнос-Айрес корттарында жұптық сындағы матчтар орын алады, ал әзірше есеп Аргентина пайдасына-2:0. 

 “Дэвис кубогының” аясында кездесетін тағы бір жұп АҚШ пен Испания құрамаларының бүгін Остинде жеребесі тасталды. Алғаш боп бүгін кортқа Марди Фиш пен Фелисьяно Лопес шығатын болды.

Кейін Энди Роддик пен Давид Феррер күш байқасады. Жұптық сында Боб және Майк Брайандар мен Фелисьяно Лопес - Фернандо Вердаско дуэті кездеседі. Соңғы күні Марди Фиш — Давид Феррер, Энди Роддик — Фелисьяно Лопес текетіресі орын алмақ. Әлемнің  екінші  ракеткасы испандық Рафаэль Надаль жақында ғана бұл матчқа қатысудан бас тартқанын айта кету керек, алайда оған қарамастан,  қос құраманың да сапында әлемдік рейтингте жоғары сатыдағы теннисшілербар.

Жеңіл атлетикадан әлемнің  үш  дүркін чемпионы Тайсон Гэй осы жылы ешқандай жарысқа қатыспайтын болды. Оған күрделі операция жасалды.

Жамайкалық Усейн Болттан кейін әлемнің ең жылдам адамы саналатын Гэй осыдан біраз уақыт бұрын жамбасын жарақаттаған болатын. Мамандардың айтуынша, операция сәтті өткен, алайда осы маусыман толық қалыс қалатын спортшының қашан қалпына келетіні белгісіз. Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатына қатыса алмайтын Гэй бар күшті Лондон  олимпиадасына саламын деп отыр.

“Тур де Франста” норвегиялықтардың дәурені жүріп тұр. Тор Хушовд  алты кезеңнің нәтижесінде сары жейдеден әлі де айырылған жоқ.

Ал оның отандасы Эдвальд Боассон Хаген айналымда жеңімпаз атанды. Осылайша ол “Тур де Франс” кезеңінің чемпионы атанған 4-ші норвегиялық велошабандоз.  Сонымен қатар 226,5 шақырымдық Динан – Лизье аралығында Мюттью Госс және Тор Хушовд үздіктер үштігінде. Былтырғы жеңімпаз испандық Альберто Кантадор мәреге тек 48-ші болып келді, ал жалпы есепте ол 34-ші орында. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін