Жарияланды: 670

Шала туылған сәбилерге қандай күтім керек?

Бүгін  шала туған нәрестелердің халықаралық күні. Осы ерекше мерекені еліміздегі перзентханалар кеңінен атап өтіп жатыр. Айтулы күн аясында дүние есігін енді ашқан шақалақтарға түрлі сыйлықтар табысталды. Ал, мерекелік шараға жиналғандар ерте туылған сәбилері бар отбасыларда кездесетін қиындықтар мен мәселелер жайында сөз қозғап, пікір алмасты.

Әлемде «ақ жапырақша» күні деп аталып кеткен мерекені 6 жылдан бері еліміздегі дәрігерлер де назардан тыс қалдырмайды. Дәстүрге сай бүгін де мерзімінен ерте туғандар мен олардың аналары бас қосып, «Шалабайлар» тақырыбында пікір алмасты. Ал перинаталдық орталықта жатқан шақалақтарға түрлі сыйлық табысталды. Мәселен, елордада өткен жиында сәбилерге қолдан тоқылған киімдер берілді.

Карла Нұр, еріктілер клубының мүшесі:

– Айына бір рет жиналып, шала туған сәбилерге арнап киім тоқимыз. Біздің еріктілер еліміздегі әр қалада бар.Осы күнге дейін перзентханаларға 5 мыңнан аса киім сыйлап үлгердік.

Ерекше мереке Алматыда да кең көлемде аталып өтті. Оған да шала туғандар мен олардың аналары арнайы шақырылған. Солардың бірі – кішкентай Әбдікәрім. Оның салмағы туғанда небәрі 1300 грамм болыпты.

Алуа Әубәкірова, Әбдікәрімнің анасы:

- Мүмкін салмағы жағынан салмағы кішкене аздау болуы мүмкін. Ал бірақ бойы жағынан мысалы біз балабақшаға барамыз, қатарлас балалардан кем емес.

Жылына бір перзентхананың өзінде 8 мыңнан аса сәби дүниеге келсе, олардың мыңға жуығы мерзімінен бұрын туылады. Бүгінде заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен ерекше күтімнің көмегімен ондай нәрестелердің 95 пайызы аман қалады екен.

- Уақытынан бұрын дүниеге келген нәрестелер жансақтау бөлімінде жатып ем алады. Олардың тыныс алу мүшелері дамып жетілмегендіктен «Сипап» деп аталатын арнайы құрылғының көмегімен тыныстайды. Ал, дене салмағы 1 жарым келіге жетпейтін шақалақтар кувезде, салмағы бұдан асатындары арнайы реанимациялық үстелде жатып, дәрігерлердің қатаң бақылауында болады.

Қалалық перинаталдық орталықта туған ең кішкентай сәбидің салмағы 495 грамм болыпты. Ал дәл қазіргі уақытта мұнда шала туылған 10 шақалақ жатыр.

Айнұрым Сарбас, Алматы қалалық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері:

- Қазір біздің бөлімде 10 нәресте жатыр. Олардың ең кішкентайы  26 аптада туылған.

Мамандардың айтуынша, шақалақтар классикалық әуен тыңдағанды әрі суға түскенді жақсы көреді екен. Бұл, әрине, сәбилерге оң әсер етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін