Жарияланды: 50

Шамамен 6 000 әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген займдар алады

Шамамен 6 000 әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген займдар алады

Алғашқы 64 әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен қолжетімді несие алып, қоныс тойын атап өтті. Қазір банкте тағы 285 өтініш қосымша қарастырылып жатыр. Олардың көпшілігі Астана және Алматы қалаларынан келіп түскен.

Отан қорғаушыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын жеңілдетілген займдардың шотта жиналған сома мен таңдалған тұрғын үйге байланысты белгіленген үш түрі бар.

Мәселен, үй құнының 5%-ына тең бастапқы жарнасы бар әскери қызметші жылдық мөлшерлемесі 7% болатын несиеден үміткер атанады. Бұл жағдайда клиент таңдаған баспана жаңа үйлер нарығынан, құрылыс салушы ұсыныстарының бірі болуы тиіс.

20% көлеміндегі бастапқы жарнасы бар әскери қызметші үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендейді. Мұнда да үйді құрылыс салушының өзінен сатып алу керек.

Ал қайталама нарықтан өзім таңдап аламын деген әскери қызметшіге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі депозитқа 20%-ға тең бастапқы жарна жинау керек және жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеге өтініш беру қажет.

Статистика бойынша, займның осы соңғы, яғни қолданыста болған үйлер нарығынан баспана алуға мүмкіндік беретін түрі әскери қызметшілер арасында ең үлкен сұранысқа ие. Танымалдылығы жөнінен екінші орында 5%-ға тең бастапқы жарнаны талап ететін несие тұр.

- Әскери қызметшілерді жеңілдетілген шарттармен несиелендіру үшін банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді. Аталған сома үміткерлер арасында әділ және ашық бөлістірілуі үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арнайы ұпай жүйесін құрды. Оның басты критериі ретінде бағдарламаға қатысушының әскери қызметте өткізген мерзімі алынды, яғни әскери қызметтегі әр толық ай үшін 0,5 ұпай беріледі. Үміткерлердің өтініштері Askeri.baspana.kz порталында қабылданды. Бір айдың ішінде барлығы 13 мыңдай өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта 4 430үміткер іріктеліп алынды. Тағы 1000-нан астам үміткердің деректері тексеріліп жатыр, - деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Үміткерлер тізіміне Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан, Әскери прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Мемлекеттік қорғау қызметтерінің қызметшілері кірді. Ең көп өтініш Қорғаныс министрлігі өкілдерінен келіп түскен. Арнайы әскери бағдарламаға қатысамын деуші 7 755 адамның ішінен пулға кірген 1 900-ы осы ведомстводан болып отыр.

Әскери қызметші тұрғын үйді несие сомасына қарай өзі іздейтін болады. Несие сомасы үміткерге мемлекеттен берілетін тұрғын үй төлемі негізінде есептеледі. Ал тұрғын үй төлемінің көлемі қызмет атқаратын аймақ пен отбасы құрамына байланысты анықталады. Яғни, отбасы неғұрлым үлкен болса, төлем сомасы да соғұрлым жоғары.

Мысалы, Астанада тұрғын үй төлемі сомасы 48 870 теңгені құрайды. Ол әр отбасы мүшесіне беріледі. Яғни екі баласы, жұбайы бар әскери қызметшіге айына 195 480 теңге төленеді. Заем мерзімін 14 жыл деп алсақ және несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы тұрғын үй төлемінен аспауы керек деген ережені ескерсек, заем сомасының 19,2 млн теңге екенін анықтауға болады. Баспананы жаңа үйлер нарығынан жылдығы 7% болатын несие арқылы алуға болады. Бұл жағдайда бастапқы жарна бар болғаны 5%-ды құрайды.

Бір адамға берілетін тұрғын үй төлемі 28 548 теңгені құрайтын Қарағандыда дәл осындай шарттармен құны 12,3 млн теңге болатын үйдің, ал Шымкентте 8,9 млн теңгеге тең баспананың иесі атануға болады.

Тұрғын үй төлемдерін баспана сатып алу үшін бір рет қана пайдалануға болатындықтан, отбасын құрып үлгермеген немесе әлі ата-ана атанбаған жас әскери қызметшілерге пәтер сатып алуға асықпаған дұрыс. Оның орнына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, тұрғын үй төлемдерін сол жерде жинай берген, ал үй сатып алуға арналған байқауға келесі жылы қатысқан тиімдірек. Әскери қызметшінің депозитте жинған қаражаты пен тұрғын үй төлемі сомасы үлкен болса, кең пәтер сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген заем алу, сондай-ақ басқа банктерде берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мен үлестік құрылыстан үй алу мүмкіндігі 2018 жылдың басында пайда болған еді. Бұл туралы өзгерістер заңнамаға енгізілген-ді. Ал оған дейін тұрғын үй төлемдері тек үй жалдауға ғана жұмсалынып келген болатын.

Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде тұрғын үй төлемдері аударылып отырылатын 70 мың шот бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть