Жарияланды: 400

Шекара маңындағы халықты жаппай көшірмей, керісінше олардың әлеуметтік жағдайын көтерген абзал – Б. Смағұл

Шекара маңын жандандырып, ірі реформалар жасау қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осылай мәлім етті.

«Біздің депутаттық сауалымызға Алматы облысы Райымбек ауданының көп балалы, ақ жаулықты аналарының ашық хаттары негіз болып отыр. Cоңғы уақыттағы еліміздің шекара бекеттеріндегі орын алған қайғылы оқиғалар шекараны қорғаудағы мемлекеттік саясаттың әлсіздігін білдіре отырып, ірі реформалардың қажеттілігін дәлелдеуде. Аталмыш ашық хатта Республиканың шекара аумағындағы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен, ауыл жастары мен отбасылы азаматтар бала-шаға қамы үшін және күнделікті күн көрудің амалымен қалаға көшіп жатқаны баяндалған», - дейді депутат. Бұл ретте Б. Смағұл аталмыш мәселенің бұған дейін де талай көтерілгенін, алайда белгісіз себептермен жауапсыз қалып отырғанын атап өтті. Депутаттың пікірінше, шекара аймағында орналасқан Нарынқол өңірінен халықтың жаппай көшуі, мәдени-әлеуметтік құрылыстардың иесіздікке ұшырап, талан-таражға түсіп, жүздеген үйлердің қаңырап, бос қалып, бұзылуына жол берілген. Мәселен, 1997 жылы Нарынқол селосында 12 мың адам болса, бүгінгі күні 8,5 мыңға жуық қалған. Осы шекараға жақын орналасқан Сүмбе, Сарыбастау, Текес, Қызыл және шекараның тура тұсында орналасқан Ұзақ ауылында 5,1 мың адам болса, бүгінде 3 мыңға жетер-жетпеске азайған. Осыған орай, «бұл еліміздің жаңару - даму үрдісіндегі саясатымызға сын болары анық» деген депутат Нарынқолды селолық округ ретінде емес, аудан орталығы ретінде қайта құруды қарастырып, жедел шешім қабылдау қажеттігін айтты. «Ел боламын десең - ертеңгі күніңді ойла» деген қазағымның аталы сөзі бар. Республика аумағындағы шекара аймағында орналасқан халықты жаппай көшірмей, керісінше оларға жағдай жасап, әлеуметтік жағдайын көтергеніміз абзал. Ол үшін жергілікті халыққа үкімет тарапынан жоспарлы - экономикалық қолдау қажет. Бүгінгі дамыған мемлекеттерде біріншіден стратегиялық шекара аумағындағы халықты орнықтыру үшін әлеуметтік-инфрақұрылымдық қамсыздандыру мақсатқа қойылады. Осы мәселелер шешілгеннен кейін ғана, шекараның біртұтас мызғымастығының негізі болары анық», - деді Б. Смағұл. «Моноқалаларды дамытудан еш кем түспейтін бұл елді мекендердің және оңтүстік, батыс, шығыс шекараларындағы осындай елді мекендердің экономикасын тұрақтандырып, әлеуметтік мәселелерін шешуді қамтитын салалық бағдарламалар қабылдануы керек деп есептейміз»,- деді депутат.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін