Жарияланды: 30

Шетелдік байқаушы: Сайлау мереке сияқты өтті

Шетелдік байқаушы: Сайлау мереке сияқты өтті Сурет - Inform.kz

 

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында Ақмола облысы бойынша жұмыс істеген ТМД миссиясының халықаралық байқаушылары өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифингке Ресейдің Омбы облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Юрий Назаренко, Омбы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Иван Ходоков және Омбы облысының заңнама жиыны төрағасының орынбасары Александр Артемов қатысып, байқаушылар ретінде сайлаудың өтуі туралы өздерінің ой-пікірілерімен бөлісті. Ақмола облысы аумағындағы сайлауға Ресейден 12 адамнан тұратын байқаушылар делегациясы қатысқан екен. Ресейлік байқаушылар Ақмола облысының бірқатар өңірлерінде болып, сайлауда халықтың белсенділігін байқаған.

«Мен осыған дейінгі өткен сайлауларда Павлодар, Петропавл сияқты қалаларда байқаушы болдым. Маған Көкшетау қаласы, жалпы, Ақмола облысында өткен сайлау қатты ұнады. Өңірде дауыс берушілер өте белсенділік танытты. Тіпті, түскі сағат 12:00-13:00 дауыс берушілердің легі бір толастамады. Байқағаным сайлау сіздерде мереке сияқты өтті. Адамдардың көңіл-күйлері көтеріңкі болды. Үміткерлер де сайлау алдындағы үгіт-насихат парақтарын көрінген жерге іліп, халықтың мазасын қашырған жоқ», - дейді Александр Артемов.

Сонымен қатар, миссия бұл жолғы кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстан Республикасының заңнамасына, мемлекет қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес болғанын атап өтті.

«Миссия кезектен тыс сайлаудың заңдылығына күмән келтірерліктей ұлттық заңнаманың бұзылуын тіркеген жоқ», - дейді Юрий Назаренко.

Омбы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Иван Ходоковтың пікірі де әріптестерінікі сияқты бір жерден шықты.  Ол да осы сайлау ашық, демократияшыл әрі сенімді өтті деп мойындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, осындай деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыруда Қазақстанның тәжірибесін алып, үйренуге болады.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін