Шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысу және қайта қабылдану тәртібіне өзгерістер енгізілмек - kaz.caravan.kz
  • $ 474.08
  • 558.28
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысу және қайта қабылдану тәртібіне өзгерістер енгізілмек

Шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысу және қайта қабылдану тәртібіне өзгерістер енгізілмек

Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының типтік қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер әзірледі.

  • 16 Сәуiр
  • 4
Фото: Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, шетелдік оқу орындарынан ауысу немесе қайта қабылдану кезінде білім алушылар оқыған пәндері мен оқу нәтижелері көрсетілген транскриптті, сондай-ақ ҰБТ немесе КТ сертификатын ұсынуы тиіс. Сертификат нәтижесі тиісті білім беру бағдарламалары тобы бойынша белгіленген шекті балдан төмен болмауы қажет.

Егер білім алушыда ҰБТ немесе КТ сертификаты болмаса, жоғары оқу орны оны бір академиялық мерзімге шартты түрде ауыстыру немесе қайта қабылдау туралы бұйрық шығарады. Бұл жағдайда студенттер белгіленген мерзімде ҰБТ немесе КТ тапсырады. Оқуды жалғастыру тек шекті балды жинаған жағдайда мүмкін болады.

Сонымен қатар, әлемдік академиялық рейтингтердің ТОП-700 қатарына кіретін немесе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің ұлттық рейтингтерінің ТОП-100 тізіміне енген, сондай-ақ Қазақстан аумағында ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарынан ауысу кезінде ҰБТ немесе КТ тапсыру талап етілмейді.

Бұдан бөлек, докторанттарды диссертация қорғауға жіберу алдында жоғары оқу орындары оларды ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тіркеуді қамтамасыз етеді.

Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер жоғары білім алуда тең мүмкіндіктер жасауға және ел экономикасы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.

Құжат 30 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.