Бұл — Намих Гасанов деген жергілікті кәсіпкерді қып-қызыл шығынға батырды деп айыпталып отырған сиырлар. Яғни Мамай батыр ауылындағы 7 үйге тиесілі — 7 тана. Арызға қарағанда, олар небәрі бірер сағат ішінде кәсіпкердің бақшасында жайқалып өсіп тұрған 270 тоннаға жуық көкеністі жеп, талқандап кеткен.
Мария Көшкенбаева, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
— Оның жеді деп отырған жеміс-жидектері 78 тонна қызанақ, 101 тонна қияр, 46 тонна қырыққабат, 7 тонна баклажан, 7 тонна бұрыш, 30 тонна картоп. Соның барлығын тамыз айында жеп-таптап, бәрін бітірді дейді.
Бір қызығы, малының қарызға батқанын иелері тек полицияға шақырту келгенде бір-ақ білген. Енді кәсіпкер 7 үйдің әрқайсысы 2 миллионнан аса қарыз деп, 16 миллион теңгенің түбіртегін жіберіп отыр. Тек бұған тұрғындардың күмәні көп. Себебі бұл 7 үйдің малы ешқашан бірге жайылған емес, әрі бизнесменге тиесілі жерде тонналап ешқашан көкөніс өсіп көрмеген екен.
Әбдіғалым Қабдығали, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
— Түк шыққан жоқ. Капусталары 3 жапырақ болып қалған. Біздің сиырлар ол жерге барған жоқ – бір, екінші – ол біздің сиырлардың суретін ана-мына жерлерден тартып алған. Содан бізге жала жауып, өтірік айтып отыр. Ұзын сөздің қысқасы.
— Мынау міне сол кәсіпкер Гасановтың қазған жері.
Егер сотқа барса, дәл осы видео тұрғындардың басты айғағы болуы мүмкін. Өйткені онда бақшаның шын мәнінде қандай күйде жатқаны көрініп тұр.
— Міне, ештеңе еккен жоқпыз. Не бар? Ештеңе жоқ.
«Мұнда егін болды» деген күннің өзінде бірнеше тананың бір мезетте 300 тоннаға жуық көкөністі жеп тауысуы мүмкін емес дейді жұрт.
— Бір сиыр бір айыр шөп жейді. 40 тонна қияр мен қызанақты қалай жейді?
— Менің 6 ай қыста 6 сиырға беретінім — 3 тонна кебек, 6 тонна шөп. Ал енді 270 тонна деген сұмдық емес пе? Біздің 7 сиырға. 270 тонна көкөністі 7 сиыр жеп қояды екен бір кіргенде!
Ал миллиондаған шығын көрдім деп шағымданған кәсіпкер бәрі де мүмкін деген пікірде. Онысын сотта дәлелдейтін құжаттары бар екен.
Намих Гасанов, кәсіпкер:
— Менің барлық құжаттарым бар. Қазір мен Павлодарда жүрмін. Жақын күндері келемін. Сосын сотта барлығын дәлелдеп шығамын.
Осылайша, мамайбатырлық 7 сиырдың жегені иелерінің желкесінен шығатын түрі бар.
-Бізден өзінің алған кредитін өндіріп алмақшы.